21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Құрбан шалу – Алланың жомарттығына құлдардың да қайтарым жасауы

Құрбан шалу – Алланың жомарттығына құлдардың да қайтарым жасауы

Құрбан Айт
Жарнама

Алла Тағала былай дейді:

«Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе алыс жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атымен құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» «Хаж» сүресі, 27-28-аяттар.

Бұл аяттарда құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылуда.

Айт күндері құрбан шалу – құлшылық. Ал мұның ең маңыздысы құрбандықты – Аллаға арнап шалу. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген рызығы болғандықтан оның етін сол отбасымен бірге қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде тұрмысы төмен жандардың да аз еместігін ескерген жөн. Ондай жандардың жай-күйін күнделікті бұқаралық ақпарат көздерінен де байқауға болады. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, ал мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп.

Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіптікті талап етпейді. «Пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық байларға берілмесін деген мағынаны білдірмейді. Өйткені сахабалар құрбанның етін бай, кедей көрші-қолаң мен туыстарына да беретін. Осы тұрғыдан алғанда, құрбандық шалатын айт күндері шалынған сан мыңдаған құрбанның еттері бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақсылықты нәсіп еткен Раззақ (шынайы Рызық беруші) Жаратушының разылығы үшін сансыз шүкірлік етіп, бұл мерекенің кең көлемде аталып өтілгені абзал.

Құрбандық шалудың негізгі мәні мен маңызы

* Құрбан шалу – мұсылмандықтың рәмізі.

* Құрбан шалу – ұлы ғибадат.

* Жүректі дүниеқұмарлықтан, сараңдықтан аластатады.

* Құрбан шалудың қоғамдық пайдалары да мол.

* Құрбан шалу – құл екендігіміздің, дінге бекемдіктің белгісі.

* Құрбан шалу – Алланы еске алу әрі шүкір ету.

* Құрбан шалу – Алланың жомарттығына құлдардың да қайтарым жасауы.

* Құрбан шалу – Аллаға деген сүйіспеншіліктің белгісі.

* Құрбан шалу шаңырақты берекеге бөлейді.

* Құрбан шалу бәле-жалаларды аластатады.

* Құрбан шалу Алланы ұлықтауды әрі мұсылмандардың бір-біріне деген жанашырлығын білдіреді.

* Құрбан шалған адам өзінің діни міндетін орындаған болып табылады.

* Құрбан шалу мүмінді ақиретте мол сауапқа кенелтеді.

* Құрбан шалу – күнәлардың кешіріміне себеп.

* Құрбан шалу – баршаға, әсіресе кедейлерге жасалған жанашырлық.

* Құрбан шалу бай мен кедейдің арасын жақындастырады.

* Құрбан шалу – қоғамдағы татулық пен ынтымақтың ұйытқысы.

* Құрбан шалу – мұсылмандардың бір-біріне қол ұшын созып тұруының, бауырмашылдығының белгісі.

* Құрбан шалу – қоғамды игілікке, ізгілікке бастайды.

* Құрбан шалу  – кедейлердің қабағын ашады, тағдырға өкпе артқызбайды.

*Құрбан шалу – көрші ақысын еске салып, татулыққа бастайды.

* Құрбан шалу – мал шаруашылығына көңіл бөлдіреді.

материал «Құрбан айт – құтты мереке» кітабынан алынды, 

ummet.kz




Бөлісу: