Дініміздің бұйрықтарын орындау пендені сауапқа кенелтумен қатар, оның жеке басының тәрбиесіне де әсері мол. Адам малдарының ішінде ең жақсысын Алланың жолында құрбандық етіп, оны мұқтаждарға тарату арқылы өзіне уәжіп болған істі орындап, бойындағы сараңдық атаулыдан арылып, өзге мұсылманның қуануына себепші болады.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-ші аятта: «Олардың дүние-мүлкінен (малдары көбейіп, берекет табуы үшін) зекет, садақа ал. Сол арқылы тазартып, күнәларынан арылт», – деп айтқан. Сондықтан да құрбандық етін тарату әуелі оны алушыға емес, үлестіріп берушіге пайда келтіреді. Қисса Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы қой сойып, оның етін садақа ретінде таратады.
Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың қанша бөлігі қалды?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Қойдың бір қолынан басқа ештеңе қалмады», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың бір қолынан басқасының бәрі бізге қалды», – деп айтсайшы деген сөзін арнаған. Осылайша берілген садақаның зая кетпей, керісінше өздеріне сауап болып жазылатындығын өсиет еткен. Сондықтан құрбандық шалуды ниет еткен адам Алланың жолында малдырының ішіндегі ең сүйіктісін құрбандыққа шалғаны дұрыс.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-ші аятта: «Уа, иман келтіргендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып болмаса, өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер», – деп айтқан. Малының ішіндегі ең жақсысын құрбандыққа шалу арқылы пенде Жаратушының бұйрығының жүрегіндегі дүниелік істерден жоғары тұратындығын дәлелдейді.
дереккөз: muftyat.kz