20
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Құрбан айт күні жасалатын амалдар

Құрбан айт күні жасалатын амалдар

Құрбан Айт
Жарнама

Қасиетті құрбан айт уақытында атқарылатын амалдар реті мынадай:

Бірінші: Тәкбір ташриқ айту

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде Алла Тағаланы көбірек ұлықтап, мақтау сөздерін айтып жүру қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді іс жоқ. Ендеше, олкүндері тасбих (субханалла), тахмид (әлхамду лиллә), тәһлил (лә иләһа илләлла), тәкбір (Аллаһу акбар) сөздерін айтуды көбейтіңдер», – деген (имам Ахмад).

Ал тәкбір ташриқ айту – намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 203-аятында: «Санаулы күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған.

Аяттағы «санаулы күндер», – дегенді Әзірет Әли (Алла оған разы болсын) арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күні екінті намазының соңы деп тәпсірлеген. Демек, тәшриқ тәкбірі зұлхижжа айының 9-ы күнгі таң намазынан бастап, әр парыз намаздың соңында айтылып, зұлхижжаның 13-і күнгі екінті намазына дейін жалғасады. Яғни 23 парыз намазды қамтиды. Тәкбір ташриқты намазды жеке оқыған адам да, жамағатпен оқыған адам да айтады. Бір мәрте айту – уәжіп, одан көбірек айту мұстахап амал саналады. Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет. Сүннет, үтір және нәпіл намаздардан кейін тәкбір ташриқ айтылмайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Ташриқ күндері – тамақтану, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері», – деген (имам Муслим).

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде, намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп, бұл күндері Алла Тағаланы ұлықтаудың артықшылығы жөнінде айтқан. 

Тәкбір тәшриқ дұғасы: «Алла ұлық, Алла ұлық. Алладан өзге тәңір жоқ. Алла ұлық, Алла ұлық. Барлық мақтау Аллаға тән», – деп айтылады.

Жәбир атты сахабадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:  Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күні таң намазын оқығаннан кейін сахабаларына бұрылып: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уә лилләһи-л-хамд», – дейтін. Осылайша арапа күнінің таң намазынан бастап, соңғы тәшриқ күнінің екінті намазына дейін айтатын», – делінген (имам Дарақутни)

Екінші: Айт намазына дайындалу

Мерекенің алғашқы күні айт намазына барарда ғұсыл құйынып, әдемі таза киім киіп, хош иіс сеуіп барған жөн. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Қай кезде де мешітте болсаңдар таза әрі әдемі киімдеріңді киіңдер», – деп бұйырған.

Факиһ ибн Сағд (Алла оған разы болсын!): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын», – десе, Хасан ибн Әли (Алла оған разы болсын): «Бізге Алла Елшісі айт күні ең жақсы иіссуді себуді бұйырған еді», – деп айтқан.

Айт намазына мешiтке бара жатқанда такбір айтқан дұрыс. Сондай-ақ айт намазына баратын адамның бір жолмен барып, қайтарда өзге жолмен қайтуы – мұстахап. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):  «Пайғамбар айт күндері әртүрлі жолмен жүретін», – деп айтқан (имам Бұхари).

Ғалымдарымыз хадистегі «хәләфә әт-тариқ» дегенді: «Намаздан қайтқан уақытында барған жолынан өзге жолмен қайтатын. Сауабы молырақ болу үшін барғанда ұзақтау жолмен баратын, ал қайтарда қысқа жолмен қайтатын», – деп ашықтаған. Өйткені бару қайтқаннан гөрі сауап тұрғысынан абзал. Сонымен қатар жолда тұратын адамдарды мерекемен құттықтау үшін де Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт намазына бір жолмен барып, қайтарда өзге жолмен жүрген.

Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқа жаяу барып, жаяу қайтатын», – деп айтқан. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту сүннет болып табылады», – деген. Имам Ибн Қудама (Алла оны мейіріміне бөлесін) «әл-Муғниде» имам Ахмадтың (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Егер айт намазы оқылатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз. Айт намазы оқылатын орын алыс болса, онда оған көлікпен баруда еш жаманшылық жоқ», – дегенін жеткізген.

Әрі құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу мұстахап амал саналады. Хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді», – делінген (имам Тирмизи).

Үшінші: Айт намазын оқу

Айт намазы шариғат тарапынан мұсылмандарға уәжіп етіліп һижраның бірінші жылында енгізілді. Әнастың айтуынша, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде мәдиналықтар тойлайтын екі күн болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұлар не қылған екі күн?» – деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз» – дейді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге: Құрбан айты мен Ораза айтына айырбастады» – деді.

Жұма намазы парыз болған әр мұсылманға айт намазын оқу – уәжіп. Айт намазының уақыты күн бір немесе екі найза бойындай деңгейге көтерілгенде кіріп, оның аспан биігіне жетуімен шығады. Яғни күн шыққан соң жарым сағат өткенде айт намазының уақыты кіреді. Айт намазын имаммен бірге атқаруға үлгермеген адам оның қазасын өтемейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінің 2-ші аятында: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» – деп айтқан. Тәпсірде бұл аяттың Құрбан айт намазы мен құрбан шалу турасында екендігі айтылған.

Төртінші: Құрбандық шалу

Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.

Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтса, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында: «Мұсылмандарға жыл сайын зұлхижжа айының оныншы күнінде, яғни оразадан екі ай он күн өткен соң құрбан шалу уәжіп. Құрбан шалу Ибраһим пайғамбар уақытынан бері мирас болды», – деп жазған.

Хадис шәріпте: «Амалдар ниеттерге байланысты», – демекші, әрбір істі бастарда алдымен ниет ету керек. Құрбандық малын шалғанда да ниеттің тазалығы, шынайылығы маңызды. Себебі құрбандығымыз тек Аллаға арналып сойылуы керек. Қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 162-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.  Осы себепті де шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында: «Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.

Сүннетке сәйкес құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалуға болады.  

материал «Құрбан айт – құтты мереке» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: