Түркістан облысы Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді ауылында Айдархан Өтенұлы атындағы жаңа мешіт ашылды.
Мешіттің ашылу салтанатына Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов, ауданның құрметті азаматы Жамантай Бейсенбаев, ауданға белгілі ақсақалдар және мешітті салуға мұрындық болған Утановтар әулеті қатысты.
Бас имам Еркебұлан Қарақұлов Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, мешіттің ашылуына себепкер болған азаматтарға сый-сияпат табыстады. Айта кетейік, 300 орынды мешітте имам бөлмесі, дәрісхана және дәретхана бар.
Бұдан бөлек өңірдің бас имамы Жетісай ауданында тұратын 2 отбасыға баспана кілтін табыстады. Іс-шараға сондай-ақ аудан имамы Жорабай Дудатбаев, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбек Шыршықбаев және мешіт жамағаты қатысты.
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында берілген 402, 403-пәтерлер жалғызбасты, көпбалалы аналар Роза Адилова мен Жауһар Шотановаға берілді.




