Елордамыздағы көрікті құлшылық ордаларының бірі Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне малайзиялық «әл-Хижр» телеарнасының журналистері арнайы келіп зиярат етті.
Телевизиялық бейне контент түсіруді ниет еткен шетелдік тілшілер ғибадат үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, қазақы оюлармен өрнектелген мешіттің ішкі дизайнына деген таңданысын білдірді.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің діни қызметкері Рахматулла Қапсаттарұлы қонақтарды мешіт ішін аралатып, намаз залында орналасқан Құранның көне жазбаларын көрсетті. Алла үйін зиярат етіп болған соң шетелдік қонақтар естелікке суретке түсті.
Еске сала кетсек, елордаға келген шетелдік қонақтар мен туристер астанамызға әсемдік сыйлап тұрған осынау «Әзірет Сұлтан» мешітін аралау үшін жиі бас сұғады. Мұнда көптеген ел президенттері мен қоғам қайраткерлері қонақта болған.