«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде Құрбан айт мейрамы ерекше тойланды.
Айт намазынан кейін дін мен дәстүрді ұштастыра білген мешіт ұжымы қазақы киіз үйде ұлттық тағамдардан ақ дастархан жайып, әсем ән мен тәтті күйден шашу шашып, мерекелік шараның сәнін келтіріп, халықтың қуанышын бөлісті. Өнер адамдары қарт кісілердің көңілдерін көтеріп, қазақы ән мен ұлттық күйлерді нақышына келтіре орындады. Ата-әжелеріміз бешбармақтан дәм татып, қымыз ішіп, ұлттық өнерді тамашалап, нағыз Құрбан айттың қалай тойланатынына куә болды.
Сондай-ақ, Құрбан айт мейрамының құрметіне орай дәстүрлі «Мейірімділік жәрмеңкесі» өтті. Оған мешіт жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубы, қыз балалардан құралған шәкірттер толықтай атсалысты. Қайырымдылық жәрмеңкеде тағамдар, тәттілер, тоқаштар сатылды. Шараның мақсаты – жәрмеңке қаражатымен мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету болатын.
Осылайша күллі мұсылман қауымы тойлайтын ұлық мерекеде мешіт ұжымы жамағатқа қуаныш сыйлап, мейірімділік пен қайырымдылықтың үлгісін көрсетті.
ummet.kz