Бүгін қасиетті жұма күні мешітімізге арнайы келген ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы жамағатпен жүздесіп, жұма уағызын айтты.
«Тіл кесапаттары» тақырыбында уағыз айтқан наиб муфти күнәлі сөздерді айтудан сақтанудың жолдарына кеңінен тоқталды.
Уағыз барысында Кенжеәлі Қоңыратбайұлы тілдің себебімен болатын күнәлардың түрлерін атай келе, әсіресе мынадай тіл кесапаттырынан сақтануымыз қажетін атап өтті.
«Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 70-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер», – деп бұйырған. Асыл дінімізде дұрыс сөз сөйлеуді бұйырудағы мақсат – қоғамдық өмірдегі бірлікті, адамдар арасындағы жылылық қарым-қатынасты сақтау. Қандай да бір қоғамда өсек, өтірік, жала жабу сияқты тіл кесапаттары көбейсе, адамдар арасында сенімділік жоғалып, берекетсіздік орын алады. Ғайбат айту, жала жабу, өтірік және өсек айту, көп сөйлеудің адам баласына тигізер зияны өте көп. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы таңсәріде ұйқыдан тұрғанда, оның дене мүшелері тіліне өздерінің бағыныштылығын білдіріп былай дейді: «Біз үшін Алладан қорық, өйткені біз саған тәуелдіміз, егер сен туралықты ұстансаң, онда біз де түзу боламыз. Ал егер сен қисайсаң, онда біз де қисаямыз», – деген (имам Тирмизи). Тілге ие болу адамды екі дүниелік бақытқа жетелейді. Ал тілге ие болмай, түрлі күнәлі сөздерді сөйлеу Жаратушының мейірімінен алыстап, ақыретте үлкен өкінішке алып келеді», деді Кенжеәлі Қоңыратбайұлы.
Көркем насихат соңында наиб мүфти баршамызға Алла Тағала тек пайдалы сөз айтуымызды нәсіп етуін тілеп, еліміздің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.
ummet.kz