Бүгін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде «Мектепке жол - 2023» қайырымдылық шарасы өтті.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсету.
Шара барысында 130 оқушыға қажетті құрал-жабдықтар толтырылған мектеп сөмкелері үлестірілді. Мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазановтың бастамасымен болған қайырымдылық шарасы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
Әрдайым мешіт атынан ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларға мұрындық болып жүретін атымтай жомарт азаматтар бұл жолы да игі шараға атсалысты. Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, теңізге тамызған тамшыдай болған бұл әрекет егеменді еліміздің ертеңі үшін жасалған игі істердің бірі.
Жаңа оқу жылына дайындық уақытында қаламыздағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсеткені үшін, елордалық балғындарға шат-шадыман көңіл-күй сыйлағаны үшін келген ата-аналар мешіт ұжымына зор ризашылықтарын білдірді.
ummet.kz