Рамазан – Алла Тағаланың мейірімі түсетін ай. Бұл айда түсірілген Қасиетті Құран адамдарға мейіріммен түскен.
Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз – қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Адамдарға мейірімділік танытпағанға, Алла Тағала да мейірімдік етпейді», – деп өсиет еткен (имам Бұхари, Мүслим).
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өсиетіне амал еткен «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің шәкірттері қасиетті Рамазан айында көмекке мұқтаж 25 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді.
Күнделікті тұтынуға қажетті бір айлық азық-түлік қоржындары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балардың ата-аналарына табыс етілді.
Қайырымдылық пен мейірімділік айының мейір-шапағатын сезінген отбасылар мешіт ұжымы мен шәкірттеріне зор алғыстарын білдірді.
ummet.kz