«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде Қадір түнінде көпшілікпен бірге Хатым дұғасы жасалды. Рамазан – Құран айы. Яғни, Құран Кәрім көптеп оқылып, құндылықтары жаңғыратын рухани мезгіл.
Осыған орай, ел мешіттерінде қасиетті айда Тарауық намазында Құран Хатым жасау үрдісі қалыптасқан. «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде ай бойы үш бірдей білікті қари Құран Хатым оқыды.
«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұстаздары, білікті қариларымыз – Нұриддин Абдусамадұлы мен Мұрат Дайрабайұлы және Хусамуддин ас-Сығанақи Ислам институтының шариғат және араб тілі пәндерінің ұстазы, дінтану докторы Mahmoud Mohamed Hasan оқыған Құран хатым аяқталды. Қасиетті Қадір түні көпшілікпен барша мұсылмандарға бағышталып, еліміздің ауызбіршілік-ынтымағы, халқымызға барша мұсылман қауымына барлық жақсылықтар тілеп, дұға жасалды.
Мешітімізге арнайы келген ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет Құран хатым батасын жасап, жамағатқа Бас мүфтидің құттықтау сәлемін жеткізіп, Қадір түнінің қасиеті жөнінде насихат айтты. Қариларға лайықты құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жауып, мешіт ақсақалы ақ батасын бергеннен кейін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов көпшілікке Қадір түнін құлшылық-ғибадатпен қалай өткізу керектігін, ислам дінінің құңдылықтарын жан-жақты түсіндірді.
Қадір түніне арнайы құрылған бағдарлама бойынша мешіт имамдары келген халыққа уағыз насихаттарын жүргізді. Жамағатпен оқылған үтір намазынан кейін мешітке жиылған көпшілікке сәресі үлестірілді. Таң намазы оқылғаннан кейін мешітте Қадір түнін қарсы алған жамағат үйлеріне тарасты. Мешіт жамағаты «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде ай бойы оқылған Құран хатым мен тарауық намазына ризашылықтарын білдіріп, имамдарға алғыстарын білдірді.
ummet.kz