Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде жұма уағызын айтты.
«Қоғамда адалдықтың, адал еңбек пен адал болудың маңызы» тақырыбында уағыз айтқан бас мүфти адал адамның бойында болуы керек негізгі сипаттарға кеңінен тоқталды. Адал адам өтірік сөйлемеу керектігін, адал адам адал кәсіп жасайтынын, адал адам аманатқа қиянат жасамай, әр істе әділ болу керектігін атап өтті.
Насихат барысында: «Адам баласы адалдықты өмірінің өзгермес қағидасы ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенеледі. Өйткені адалдық тек қана асқа, ішіп-жеуде, не кәсіп жасауда ғана қолданылатын сипат емес. Қазақ халқында адал жан, адал дос, адал ас, адал жар, адал перзент сынды т.б. адал сөзімен байланысты ұғымдар өте көп. Бұдан адалдық мұсылманның әрбір ісінде қажет екенін аңғарамыз.
Адалдық адамның адамгершілігін арттырып, қоғамның ізгі болуына ықпал ететін маңызды сипат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 8-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Алла үшін қолдарыңнан келгенше турашыл, куәлікке жүргенде қара қылды қақ жарған әділ болыңдар. Қайсыбір қауымға деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздік жасауға итермелемесін. Әрдайым әділ болыңдар, біле білсеңдер, тақуалыққа ең жақыны, ең лайығы, міне, сол. Алладан қорқыңдар. Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар», – деп, адалдық мүминді тақуалыққа жеткізетін ең тура жол екенін ескертеді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Уағыз соңында бас мүфти баршамыздың адал да, әділ жандардан болуымызды тілеп, еліміздің амандығы мен халқымыздың бірлігі үшін арнайы дұға жасады.
ummet.kz