Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке.
Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Ораза айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке. Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт намазы оқылды.
Осы қасиетті мерекеде «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне халық көп жиналды. Отыз күн оразаның сауабын арқалап, Алла Тағаланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат сәждеге бас тигізіп, құлшылық етті. Айт намазын оқып, құлшылық жасауға еңкейген қариядан балағат жасына енді толған жастарға дейін келген. Олар бір ай бойы Алла Тағаланың разылығы үшін ауыз бекітіп ашқұрсақ жүрді, көзді харамнан, құлақты өсектен, тілді ғайбат сөйлеуден тыйды.
Мешітке арнайы келген ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы айт намазына жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауын жеткізіп, Ораза айт мейрамы туралы уағыз айтты.
«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің Бас имамы Нұрлан Бекболатұлы Ораза айттың қадір-қасиеті мен осы күні атқарылатын салиқалы амалдар жайлы мерекелік насихат айтып, жиналған жұртты қастерлі мерекемен құттықтады.
Екі рәкәғат айт намазы оқылғаннан кейін, арнаулы Ораза айт құтпасы оқылып, халқымызға амандық сұрап, Отанымызға тыныштық, азаматтарымызға екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.








ummet.kz