23
Сенбі,
Қараша

һижри

Қамқорлық – жан жылытар қайырлы іс (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қайырымдылық – көршісі ашқұрсақ отырып, өз түндігінен қазан көтермейтін қазақ халқының  болмысына біткен қасиет. Бүгінгі заман көшінде тұрмыс тауқыметін көріп, көңілі жүдеген жан болса қоңсылас көрші мен алыс-жақын ағайыннан, қала берді мешіттен бір мейірім күтетіні жасырын емес.

«Нұр Астана» мешітінің «Мейірімділік мекені» шарасы жыл бойына осы отбасыларға қарайласып, оларға материалдық һәм рухани тұрғыда қал-қадерінше көмектесіп, демеу болып келеді. Астана имамдары қыс маусымында да  қайырымдылықтан қол үзбей, қала іргесіндегі отбасыларға азық-түлік, қыстық отын-көмір, сондай-ақ қаржылай да көмек беруді ізгі үрдіске айналдырды.

Бүгін осы игі шараның жалғасы Астана іргесіндегі Пригородный кентінің мұқтаж отбасыларына арналды. Наиб имам Асхат Сәлімов, мешіт ұстаздары Ілияс Отаров пен Мұрагер Бердіхан көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен және сырқатты жанды бағып отырған отбасыларға азық-түлік таратты. Арқаның аязды таңымен таласа мешіттегі ізгі іске қол жалғауға келген белсенді жамағат жұрттың жүгін жұмыла көтеруге әзір екендіктерін кезекті рет көрсетті.

Тұрмыс таршылығынан қамкөңіл күй кешкен Пригородный тұрғындары мешіт ұжымының көрсеткен осындай қамқорлықтарына риясыз көңілден алғыс айтты.  Уайымын сейілтіп, көңілін сергіткен дін қызметкерлері де өз кезегінде қолда бар мүмкіндіктерін аянбай, қамқорлық танытудан қалыс қалмайтындықтарын жеткізді. Бүгінгі «Мейірімділік мекені» акциясы аясында 27 отбасы 2 тоннаға жуық азықпен қамтылды.

 


 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: