22
Жұма,
Қараша

һижри

Мәуліт айы құтты болсын жамағат, Арнаңыздар Пайғамбарға салауат!

Мешіт тынысы
Жарнама

Аллаһуммә солли ғалә Мухаммадин уә ғалә әли Мухаммад.

Екі дүние сардары, адамзаттың асыл тәжі болған, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы «Мәуліт» мерекесімен араға жыл салып қайта қауышудамыз. Жаратылғандардың асылы және шыңы болған хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) милади 571 жылы рабиул айының 12-жұлдызы, дүйсенбі күні дүниеге келіп, әлемді шексіз қуаныш пен нұрға бөледі.

 

Оның дүниеге келуімен Алланың мейірімі тасып, әлемге өзгеріс кірді. Сөздер мен сұхбаттарға мән кіріп, әрбір нәрсе жаңарып, ерекше мағына мен әсемдікке малынды. Құран Кәрімде Алла тағала өзінің соңғы Елшісі жайында: «Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» деген еді («Әнбия» сүресі, 107-аят). Ал бұл ақиқатты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім»-деп, өзінің тек мейірім шапағатын тарату үшін келгендігін баяндаған.

«Мәуліт» – туылған сәт дегенді білдіреді. Мәуліт мерекесінің ең маңызды бөлігі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.

Ардақты ағайын! Шарапаты мол мәуліт айы біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау қасиетті айда Алла Елшісін (с.ғ.с.) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін. Мәуліт айы адамдар арасындағы рақым мен мейірімнің, бауырмалшылық пен махаббаттың артуына себеп болса екен. Алла Тағала баршамызға екі дүние бақытын, қияметке дейін бірлігі жарасқан мәңгілік ел болуымызды, қияметте жүздері жарық болған Жәннаттық халықтан болуымызды нәсіп етсін!

Жаратушы Жаббар Иеміз барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!

 

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің бас имамы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Бөлісу: