26
Жұма,
Сәуір

һижри

Қажылыққа аттанатын астаналықтар қасиетті сапарға сақадай-сай

Мешіт тынысы
Жарнама

23 тамыздан бастап қажылыққа аттанатын астаналықтар  қасиетті сапарға сақадай-сай. Бүгін олар ҚМДБ-ның Астана қаласы өкілдігі ұйымдастырған қажылыққа дайындықтың 8 сағаттық дәрістерін тәмамдады. «Әлжан ана» мешітінің медресе ғимаратында өткен «Қажылық курсының» жабылуына ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, Меккеге баратын жамағатқа ақ жол тіледі.

- Алланың құзырына барғанда қажылық жасаған мұсылмандардың дәрежелері биік тұрмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қажылық жасаушылар мен ұмраға барғандар – Алланың сыйлы қонақтары. Егер бұлар тілек тілесе, Алла қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, кешіреді» деп сүйіншілеген. Жай барып-келген болмайды, имамдарымыз оқытқан қажылықтың парыздарын, сүннетері мен уәжіптерін толық орындау керек. Сонда ғана қажы атанасыз, қажылықтарыңыз қабыл болып, оның сыйы – жәннатқа қол жеткізесіз. Кейде қажылықтан келген ағайындарымыз тағы да барғысы келеді. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені көбі «Қап, әттең-ай, өткен жолы мына жерін дұрыс жасамадым-ау, парызын қате орындаған сияқтымын» деп уайымдайды. Ал қайта бару нәсіп бола ма жоқ па, білмейміз. Сондықтан да осы Қажылық дәрістерінде оқытқан ілім-білімді пайдаланып, орнымен, ғибадатты дұрыс жасауға тырысыңыздар, - деді ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.

hadh  (2)

hadh  (5)

hadh  (3)

Сондай-ақ, қасиетті мекенге бірнеше рет барып келген Наурызбай қажы өзінің тәжірибесімен де бөлісуді ұмытпады. Оның айтуынша, қажылыққа физикалық түрде де дайындалу қажет. Нақтырақ айтқанда, қазірден бастап қажылар үйде жалаң аяқ, сыртта көбірек жаяу жүруге дағдылану керек. Өйткені қажылық кезінде аяққа да көп күш түседі. Сонымен бірге, Қағбаны көргендегі қуанышынан адамдар күні-түні мешіттен шықпай, ғибадатты күшейтіп, бар энергиясын сарқып алуы мүмкін екен. Сол себепті күш-қуатты бірден кетірмей, қатты шаршамай, денсаулықты күту маңызды дейді Астана қаласының бас имамы.

Сөз соңында ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы астаналық қажылардың аман-есен барып келуін тілеп, жолаяқ ретінде қажыларды ақ дастарқан басына шақырды.

hadh  (14)

hadh  (15)

hadh  (18)

hadh  (19)

hadh  (20)

Еске сала кетейік,  қасиетті мекендегі парызын өтеуші қазақстандықтар саны биыл 2500-ге жетіп отыр. Оларды қажылық сапарына дайындау мақсатында ҚМДБ арнайы курстар өткізуді қолға алған. Соған сәйкес 15-18 тамыз аралығында ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ұйымдастыруымен «Әлжан ана» мешітінің медресе ғимаратында қажылыққа дайындық дәрістері өтті. 4 күн бойы  «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов, Әділхан Серікбай және «Төлебай» мешітінің Бас имамы Асхат Сәлимов, «Әлжан ана» мешітінің Бас имамы Асқар Мұқанов қатарлы имамдар мұсылман қауымының қасиетті парызы – қажылық жайында, оның парыз болу шарттарын, қажылықта атқарылар рәсімдер туралы баяндады. Сондай-ақ, сауапты сапардағы ұстанатын талап-шарттар мен тыйымдарды һәм қажылықтың қалай өтелуі керектігін үйретті.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: