01
Жұма,
Наурыз

һижри

Қажылық орындары – қаржылық мүмкіндікке қарай алынды

Жаңалықтар
Жарнама

Биылғы қажылық өткен маусымдарға қарағанда өзгерек болатындығы жария етілді. Атап айтқанда, Сауд Арабия Қажылық және ұмра министрлігі 2024 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстан 10 000 (он мың) қажылық орнын алуға болатынын жеткізген еді.

Сауд Арабия тарапының талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына 2023 жылдың соңына дейін қажылар тіркеліп, қаражаты уақытылы төленген елдерге тиесілі қажылық орындары бөлінді.

Осы ретте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашық конкурстан өткен 17 қазақстандық туроператорға 2024 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға ресми рұқсат беріп, САК Қажылық және ұмра министрлігі талабына сай 2023 жылдың соңына дейін тиісті төлемдерді төлеуге мүмкіндік жасалды. Алайда Бас мүфти бастаған делегацияның қаңтар айында Саудияға жасаған сапары аясында қажылыққа жазылып үлгермеген кісілерді ескере келе қажылық орындарын брондап, төлем жасау уақыты қаңтар айының соңына дейін ұзартылды.

Нәтижесінде, аталған 17 туроператор арасынан белгіленген мерзімге сай тиісті төлемдерді аударып, талаптарды орындаған 16 туроператормен ҚМДБ арасында келісім-шарт жасалды. Ал, Сауд тарапынан болған талаптарды мерзімінде орындай алмаған 1 туроператор қажылықпен айналысуға қабілетсіз деп табылды.

«Қажылық-2024» маусымына 16 туроператор және осы туроператордың бірімен субагенттік келісім-шарт құрған 19 турагент  Сауд тарапынан болған талаптарды толығымен орындап, Қазақстаннан баратын қажылар үшін, қаңтар соңына дейін төленген қаражат көлеміне сай 5081 қажылық орны берілді.

Сонымен қатар, биыл қажылық құлшылығына ниет еткен кісілер тек тізімде көрсетілген туроператорлар мен турагенттерден қажылық орындарын брондай алатынын жеткіземіз. Қажылық орнын брондамаған азаматтардың жағдайын ескеріп, туроператорлар мен турагенттер артық орындар алғаны белгілі.

Осы орайда, барша қажылыққа ниет еткен азаматтарға 2023 жылы қажылыққа заңсыз барған кісілердің қателігін қайталамауды ескертеміз. Сонымен қатар қажылыққа жазылғанда заңсыз әрекеттерге бармауды және қажылық орындарын ресми алмаған, төмендегі тізімде жоқ туркомпаниялар қызметіне жүгінбеуді қаперге саламыз.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстаннан ресми 5081 адам қажылыққа аттанады. Олар 5-10 маусым аралығында Саудияға барып, 23-28 маусым аралығында елге оралады деп жоспарлануда.

 ҚМДБ Қажылық бөлімі

Бөлісу: