12
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Өкіл имам алғашқы сапарын Абай елінен бастады (ФОТО)

Өкіл имам алғашқы сапарын Абай елінен бастады (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

1 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Жақында ғана ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бұйрығымен Семей өңірінің бас имамы болып тағайындалған Асқар Әбітайұлы алғашқы жұмыс сапарын ұлылар мекені – Абай елінен бастады. Халқымыздың біртуар перзенттері мәңгілікке дамыл тапқан Жидебайға арнайы ат басын бұрып, Абай мен Шәкәрім бабаларымыздың рухына Құран бағыштады. Ұлжан мен Зере анамыздың да зираттарын зиярат етіп, марқұмдар үшін дұға жасады, деп хабарлайды Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Семей өңіріндегі алғашқы қадамын киелі ұлылар рухына тағзым етуден бастаған өкіл имам сапар барысында Жидебайдағы Абай мұражайымен танысып, Шыңғыстау өлкесінің тарихына қаныға түсті. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарымен де танысып, өкілдік тарапынан қашанда қолдау білдіруге әзірліктерін жеткізді.

Сапар соңы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында жалғасып, жаңа өкіл имам жергілікті халықпен жүздесу өткізді. Әкімшілік ғимаратында өткен жүздесу аясында Қарауылдағы діни ахуалмен танысып, тұрғындардың ұсыныс-тілектері тыңдалды. Даналарды дүниеге келтірген Абай елінің аңқылдаған ақ пейілі мен ықылас-ниетіне алғысын білдірген Асқар Әбітайұлы өз кезегінде Семей өңірінің рухани өміріне тың серпіліс жасап, халық игілігіне қызмет жасайтынын жеткізді.

Осылайша, алғашқы сапарын Абай елінің ақ батасымен бастаған Асқар Әбітайұлы бұдан кейін аудан орталығындағы «Құнанбай қажы» мешітінің жай-күйімен танысып, жамағатпен бірге құлшылық өтеді. Бүтін бір ауылды асыл дінімізге ұйытып отырған құлшылық ордасының жұмыс барысын қадағалап, мешіт имамдарымен кеңес өткізді.

Бөлісу: