19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

ІІІ аймақтық имамдар форумының үндеуі қабылданды (ФОТО)

ІІІ аймақтық имамдар форумының үндеуі қабылданды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

13 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz –  ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ аймақтық имамдар форумы қатысушылардың Үндеуі жарияланды, - деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Үндеу мәтінін ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы оқып берді. Үндеу мәтіні төмендегідей:

Біз, Нұр-Сұлтан қаласының діни қызметкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» ІІІ аймақтық имамдар форумының қатысушылары, Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» құжатын басшылыққа ала отырып, Елорда тұрғындарын туралыққа, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, бірлікке, мәдениеттілікке, имандылыққа, білім-ғылымға үндейміз!

Бүгінде өзінің қонақжай қалпымен, өміршең салтымен төрткүл әлемге танылған жас Отанымыздың жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласы. Жүздеген ұлт пен ұлысты бауырына басып, түрлі дін өкілдерін теңдей тербеткен алтын бесік десек артық айтпаймыз. Сондықтан да, егеменді еліміздің дамушы келбеті, асқақтаған сәулеті мен дәулеті, рухани байлығы мен ұлттық құндылықтары ең әуелі Елорда тұрғындарының бойынан көрініс табуы тиіс.

Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық. Осы қасиеттерді өмірімізге тірек ете отырып, өскелең ұрпақ тәрбиесінің басты ұстындары етіп қалыптастыру ел болашағына жасалған күтім.

Ақиқатында, мұсылман баласы әділеттің ақ жолынан таймай, мейірімділіктің шоғын маздатып, ағайын-туысқа қамқорлықпен қарайласып, жамандық атаулыға қарсы тұрса, көркем мінезімен қоғамға нұрын шашып, қызмет етсе, сөз жоқ – үлкен ғанибет! Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мұсылман үмбеті қараңғылықтың пердесін серпіп тастайтын – ағартушы, Отан үшін жанын пида етіп, отқа күюге даяр – жанқияр, көпшіліктің игілігі үшін қам жейтін – қайраткер, қара басынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қоятын – қамқор, шиеленіскен жәйттердің күрмеуін ағытатын – мәмілегер, қай істе болмасын қара қылды қақ жаратын – әділетті, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен – майталман, бойына өнеге тұнған – тәлімгер болуы тиіс.

Осы орайда, Біз – ІІІ аймақтық имамдар форумының қатысушылары, барша отандастарымызды, оның Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын «Рухани жеті қазық» құжатына қарап бой түзеп, ізгі қала, ізгі қоғам қалыптастыруға үндейміз!

Нұр-Сұлтан қаласы, 12 қараша, 2019 жыл

Бөлісу: