16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Қазақстандағы жастардың 79,6%-ы діни көзқарас ұстанады

Ел іші
Жарнама

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымының рөлі» атты конференцияда республика жастарының діни ұстанымына қатысты мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды KazIslam.kz.

«Қазір Қазақстанда 4 миллион жас бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі деректеріне сүйенсек, жастардың 79,6%-ы діни көзқарас ұстанады, оның ішінде 9,9%-ы белсенді дін ұстанушылар қатарынан. Көпке белгілі, әлем бойынша жастар деструктивті ұйымдар ықпалына тез түсетін топ. Осыған байланысты бұл мәселені ертерек көтеріп, яғни, отбасында бала кезден бастап тәрбиелеу ісі өте маңызды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданған. Онда тиімді гендерлік саясат арқылы адам капиталын дамытудың ұзақмерзімді мақсат-міндеттері анықталған» деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Мемлекеттік хатшы өз баяндамасында жастарды радикалды ағымға түсіруде интернеттің ықпалы үлкен екенін атап кетті. Айта кетсек, биылғы жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның интернет кеңістігінде экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттаған 100 мыңнан аса деректер тіркеліп, бұғатталды.

Құқыққорғау органы 2016 жылдың алты айында экстремизм мен терроризм белгілері бар 315 қылмыстық іс-әрекеттерді анықтап, 12 террористік актінің жолын қиды. «Мемлекет жүйелі түрде әртүрлі қоғам ортасында мақсатты түрде алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Теріс ағым ұстанушыларының 32%-ымен жекелеген кездесулер болды» делінген баяндамада.

Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың 90%-ына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазақстандық қоғам құндылықтарына оң көзқарасқа салафиттік ағымның 70 өкілі қайтқан. Террористер қатарында қарулы қақтығыстарға қатысу мақсатында шетел аспақ болған 91 қазақстандық азаматтың жолына тосқауыл қойылды. Ал террористік, діни-экстремистік қылмыс үшін 123 азамат сотталды.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: