23
Сәрсенбі, Қазан

һижри

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: «ДІН ДЕГЕНІМІЗ НЕ?»

Ел іші
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Дін туралы сөз еткенде кейбір адамдар білместіктен, түсінбестіктен пайымсыз пікірлер мен теріс тұжырымдарды алға тартады. «Дін» сөзінің аясы кең, ұғымы ұлы. Ол Құдайға құлдық ұрып, тек құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Дін – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – дейді ақын Абай. Міне, дін дегеніміз – адамдық қасиетті қалыптастыратын, Жаратушыға жағымсыз амалдан арылтатын күш.

«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – «сыйлық», «үкім», «есеп», «жаза», «шариғат», «мойынсұну», «бағыну», «құлшылық», «заң», «жол», т.б. Ал діннің терминологиялық түсіндірмесі мынадай: адамзаттың өмір сүру жүйесін ретке келтіретін, адамның жан-дүниесіне рухани тірек болатын, жұмыр басты пендені екі дүние бақытына бөлейтін Алла Тағала тарапынан пайғамбарлар арқылы жіберілген заңдылықтар мен тәртіптер. Дін бүкіл әлемнің жаратушысы Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Дін адамды  Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, өмірдегі мақсаты мен міндетін айқындап беретін, Құдайға құлшылық етуге тәрбиелейтін ұлы жол. Ислам адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелейтін тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды.

Діннің ең басты ерекшелігі – уахи арқылы келуінде. Дүние есігін ашқан әрбір адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, құдіретті күшке сену сезімі болады. Бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір құдіретті күшке сенуге жетелейді. Тарихтың өзі дәлелдеді емес пе? Тарихта дінсіз, яки имансыз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі, адам баласы сенімге мұқтаж. Алла Тағала адамзат баласын рухтар әлемінде Өзінің Жаратушы Ие екенін үйреткен. Сөйтіп, адам баласынан, яғни бізден Өзін Жаратушы Ие деп танитымыз туралы уәдемізді алған.

Атам қазақтың «әлмисақтан мұсылманбыз» деп айтуының түп-төркіні осында жатыр. Бұл туралы Қасиетті кітабымыз Құранда: «(Мұхаммед Ғ.С) Алла Тағала кезінде адам балаларын әкелерінің белдерінен (нәсілдерін) алып, оған өздерін куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде, олар: «Әрине, Раббымыз Өзіңсің, оған куә боламыз», – деген. Бұл қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ еді демеулеріңіз үшін» («әлмисақ» уәдесі алынған).            

Ымыраға негізделген ынтымақ

Егемен еліміздің татулықты ту еткен тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Жуырда өтетін дәстүрлі дін көшбасшыларының кезекті құрылтайы да ізгі мақсатқа жетелейді.

Осынау әлемдік алқалы жиын Исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін атын жамылған радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алуға, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түсуге ықпал етпек.

Еңселі Елордамыздағы келелі кездесуде дін қайраткерлері тарапынан айтылар парасатты ойлар мен мазмұнды баяндамалар дінаралық татулық пен келісімді тағы да нығайта түседі деген сенімдемін. Елімізде әр үш жыл сайын өтетін дәстүрлі құрылтай 70 пайыз мұсылманның басын біріктірген, 2500 мешітті бір орталықтан басқаратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарына да серпін беріп, діни татулық пен тұрақтылығымыздың орныға түсуіне септігін тигізеді.

Діни басқарма тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің 25 жылдық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарды, берекелі бастамаларға ұйытқы болды. Еліміздегі 2500 мешіт халқымыздың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналды.

Толыққанды кәсіби имамдардың корпусы қалыптасты. Алғашқы кезде имамдарымыз 5 уақыт намазды өткізумен шектелсе, бүгінгі таңда халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын діни тұлғаға айналды.

Өзгенің сенімін қорлау – өз сеніміңді қорлаумен тең

Дініміздің жанашыры, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы 2006 жылы әлемдік дін көшбасшыларының құрылтайында көкейде жүрген мәселені көтеріп еді. Сонда Елбасы былай деді: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын болады. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл қарапайым қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».

Рас, біз кейде дін, мешіт деген ұлы ұғымдарды сенсацияға айналдырып, өз дінімізді, өз наным-сенімімізді қалайша қорлап жатқанымызды білмей де, сезінбей де қаламыз. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда өтетін дін қайраткерлерінің құрылтайы әлем халықтарын діни алауыздық тудырмауға шақырып, бірлікке, игілікке үндеп келеді.

Қазір заман өзгерді, уақыт талабы да жоғары. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне де зор жауапкершілік жүктеп отыр.

Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда.

Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал.

Басты назарда – 4 бағыт

Біз бағдарымызды айқындайтын, мемлекет тұтастығын сақтауға сеп болатын Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көркем уағыз, жат ағымның жетегінде кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.

ҚМДБ жанынан діни білімі терең, тәжірибесі мол білікті дін ғалымдарының басын біріктірген ақпараттық насихат топтары құрылды. Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыла жасалған жұмыс нәтижесін бере бастады. Жат ағымдағы жастарымыздың беті бері қарап, қатарымызға қосылды.

Қазіргі уақытта ҚМДБ жүйесінде қызмет атқаратын 4 мыңға жуық діни мамандардың білімін тереңдету жұмысы қолға алынды.

Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ашылған имамдар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы белсенді жүргізіле бастады. Имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты жұмыс істейді. Осыған дейін республика аумағында салынған 9 медресе болашақ имамдарды, ұстаздарды даярлауда.

Имамдардың атқарып жатқан қызметі мен біліктілігін анықтау мақсатында аттестациядан өткізу жұмыстарын қолға алдық.

Өткен жылы ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, жиһад ұғымы жайлы, теріс ағымдар ақиқаты туралы пәтуалар шығарды.

Біз 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, абыроймен атқарып шықтық. Бұл игі бастаманы 2018 жылға дейін ұзартуды ұйғардық.

Дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аудардық. Діни басқарма осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән берді.

Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен имам Матуриди сенімі,  салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді.

Дәстүрлі мәзһабымызды кеңінен насихаттау мақсатында 2015 жылды «Әбу Ханифа жылы» деп жариялап, бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Жоспарымыздың шеңберінде «Нұр Мүбәрак» университетінің жанынан «Әбу Ханифа ғылыми-зертеу орталығы» ашылып, өз жұмысын бастап кетті.

Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының бірінші бөлімі шығарылды.

Имамдар форумы: тәлімі мол төрт құжат

Халқымызда: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деген нақыл бар. Ортақ мақсатқа жету үшін бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмекші болуымыз тиіс.

Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлғалардың айрықша рөлін ескеріп, имамдардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз. 2015 жылдың 19 ақпанында тұңғыш рет Елбасы қолдауымен І республикалық имамдардың форумын өткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтауымен ашылған форумда тарихи төрт құжат қабылданды. Бірінші құжатымыз – «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы». Тәлімдік құжат еліміздегі күллі мұсылманың бағдаршамы іспетті деуге болады. 

Дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, көркем мінез қалыптастыру, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұсылманға тән сипаттар. Осы бағытта «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатын қабылдадық. 

Алла Елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз ел игілігі үшін қызмет етуге үндейді.

Ұлт көшбасшысы Ұлытау төрінде берген сұхбатында халқымызды ысырапқа жол бермеуге, үнемшілдікке, қолда барға қанағат етуге шақырып, мұсылмандықтың үлгісін көрсетті.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – деп, адамзат баласын қанағатшыл болуға бұйырған.

Біз барға – қанағат, жоққа – шүкір еткен халықпыз. Иманым – жиғаным деп білген бабаларымыз байлықтың өлшемін қанағат деп білген. Ал мұсылман дегініміз – ысырап та жасамайтын, сараңдық та танытпай, орта жолды ұстанатын пенде.

Қазіргі заман талабына сай, білімі мен біліктілігі толысқан діни мамандар санын арттыру – менің жіті назарымда.

Сондықтан бабаларымыздың пәтуалы сөзімен үндесетін «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдік құжатымыз қазіргі таңдағы қоғамда сұранысы мол, жалпы жұртымыздың бүгінгі тіршілігінде маңызды рөл атқарады деген үміттеміз.

Одан бөлек «Дін қызметкерінің этикасын» әзірлеп, сол форумда қабылдауымыздың мәні ерекше. ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық-амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деуге болады.

Бүгінгі имам, бәлкім біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір имам қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттасатын рухани көшбасшыға айналуы керек. «Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын құжатымыз осынау талаптарды ескереді.

Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Бұл құжаттың көтерер жүгі осындай.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді», – деп сүйіншілеген.

Қоғам рухани құндылыққа мұқтаж

Аллаға шүкір, мемлекетімізде дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасалды. Елбасы жыл сайынғы жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді суапты амалдарға да мән береді. Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханиятын дамытпай, елдің экономикалық өркендеуі мүмкін емес деп есептеймін.

Орта Азия бойынша құлшылық үйлерінің саны жағынан біздің ел бірінші орында. Дәстүрлі діндердің ғибадатханалары тең дәрежеде қызмет етуде.

Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді мерекелер кеңінен атап өтілуде. Бұл – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар.

2015 – әсіресе, діндар қауымы үшін де маңызды оқиғалар жылы. Өйткені, биыл Елбасының тарихи бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген, рухани келісімнің ордасы – Астанамызда әлемдік дін көшбасшыларының дәстүрлі кезекті құрылтайы өтеді.

Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ. Дін көшбасшыларының құрылтайы да осы мақсатты көздейді. 

Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған.

Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.

Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы.

Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы, діни келісімге негізделген жалпыға ортақ құндылықтары – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Осынау мамыражай сәттер, дәстүрлі дін өкілдерінің ортақ келісімі, ымыраға негізделген ынтымағы тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.

Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы, 

Бас мүфти

Бөлісу: