28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Жастарға арналған пәтерлер қандай санаттарға берілетіні айқындалды

Жастарға арналған пәтерлер қандай санаттарға берілетіні айқындалды

Ел іші
Жарнама

18 ақпан. АСТАНА. Ummet.kz – Осы аптада Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастарды пәтермен қамтамасыз етуге арналған жоба келісімделмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

«Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер қарастырылған және ол жалға алу тәртібімен іске асырылады. Осы бағытта қамтылатын санаттарды даярлап, өкілетті органдарға, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкенттің әкімдіктеріне тапсырдық. Менің ойымша, осы аптаның барысында жастар санаттарын келісімнен өткіземіз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, пәтер алуға үміткерлердің жас аралығы анықталған. Бұл тұрғыда 29 жасқа дейінгі деңгей айқындалды, себебі заңнамаға сәйкес, жастар санаты 29 жасқа дейін белгіленген. Сонымен қатар, жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс.

«Бізде балдық жүйе ескерілген. Ұсынылған мезім бойынша пәтер 3 жылға беріледі, осыдан кейін комиссия шарттың мерзімін ұзартуды қарастырады. Бұл бағдарлама бойынша жас отбасы пәтер алған кезде тұрғын үй банкінде бірден есеп-шот ашуы тиіс. Ал кезекке тоқталсақ, аталған қалаларда жастар кем дегенде 3 жыл тұруы керек. Әзірге, осының барлығы жобада ұсынылды. Енді, сәрсенбіге дейін өкілетті органдар тиісті жауабын береді», - деді Дархан Кәлетаев.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Астана мен Алматыда 350, ал Шымкентте 300 пәттер салынатынын жеткізді.

«Шаршы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр болады. Қазіргі кезде үш қаланың әкімдіктерімен жобаны пысықтап жатырмыз», - деді М. Жайымбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын айтқан еді. 

Бөлісу: