26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дін қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді

Дін қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді

Жаңалықтар
Жарнама

Биыл көктемде еліміздің біраз аймағын алапат су тасқыны басқан кезде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Қайырымдылық жаршылары» еріктілер қозғалысының жұмысы анық көрінді. Ерекше атап өтерлігі, су тасқыны кезінде жергілікті халыққа көмек қолын созып, жәрдемші болған «Зекет және қайырымдылық» қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы жауапты өкілі Қасымхан Исаевтың еңбегі зор болды.

Еңбегі лайықты түрде бағаланған дін қызметкері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Нақты айтқанда, «Республика күніне» орай өткен салтанатты шарада СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мерекелік медальді Қасымхан Исаевтың кеудесіне тағып, игі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, жақында дін жанашырының демеушілігімен қалалық «Қызылжар» мешітіне су жаңа көлік тарту етілді. Қасымхан Исаевтың айтуынша, бұл көлік мешіт қызметінен бөлек, «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмысын да жеңілдетпек. Яғни, енді мешіт қызметкерлері аудандарға еш қиындықсыз қатынап, азаматтарға көмек көрсете алады. Соған орай, облыс бас имамы Хамзат Қажымұратұлы мен қалалық «Қызылжар» мешітінің бас имамы Қасымхан Исаев қолы ашық, жомарт жанға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы «Республика күніне» орай өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша жауапты өкілі Оңталап Тасболатұлы мен Жетісу облысы бойынша ерікті Қанат Егізовке «Шапағат» медалін кеуделеріне таққан болатын. Сонымен бірге, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Жетісу облысы бойынша жауапты өкілі Хұмар Хадыс ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының «Тұрақты даму мақсатының көшбасшылары» номинациясы бойынша дипломмен марапатталған.

Бөлісу: