2024 жыл діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияланғаннан кейін Дін мен дәстүр бөлімі және оған қарасты Қоғаммен байланыс секторы Діни басқарма ұйымдастырған барлық ауқымды іс-шараға атсалысты.
Бұл туралы бөлім меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет хабарлады.
«Дін мен дәстүр бөлімі жыл бойы мүфтият жанындағы «Ақсақалдар кеңесінің», «Сарапшылар кеңесінің» және биыл құрылған «Жастар кеңесінің» мәжілістерін ұйымдастырып отырды. Жалпы 2024 жылы бөлімнің ұйытқы болуымен 12 мыңнан астам, Қоғаммен байланыс секторының ұйымдастыруымен 11 мыңға жуық іс-шара жүзеге асты» дейді Нұрбек Әуесханұлы.
Бөлімге қарасты Жастар ісі секторы республика бойынша насихат және сауаттылық, қоғамдық жұмыстар және спорт бағытында 17 156 іс-шара ұйымдастырып, оған 835 093 жас буын өкілі қатысты. Ал Әйел-қыздар секторы республика мешіттерінде әйел жамағатының атсалысуымен 10 986 шара атқарып, 408 828 адам қамтылды. «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында «Жастар – руханият шамшырағы» ІІ республикалық Жастар форумы өтті. Биыл Астанадағы Республикалық бас мешітте жастар арасында «DINTELLECT» зияткерлік білім сайысының финалдық сайысы өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал Әйел-қыздар секторы республика мешіттерінде 107 585 шара атқарып, бір миллионнан астам адам қамтылды. Сектордың атқарған айтулы шараларының бірі – Астана қаласының «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен «Қазақ қоғамындағы тарихта есімі қалған аналарымыздың келбеті» форумы және «Al-Fattah» мешітінде ұйымдастырылған «Отбасым – бақыт мекенім» рухани кеші. Сондай-ақ Арқалық, Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен жанұяларға 10 миллион теңге қаржылай және 55 тонна гуманитарлық көмек жасалды.