Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ даласында: Ислам және отбасы құндылығы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
«Отбасы – өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын, замана тұрғанша өміршеңдігін жоймайтын маңызды ұғым. Алдымен отбасының Алла берген баға жетпес нығмет екенін естен шығармаған жөн. «Сендер үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік салғаны – Оның белгілерінің бірі» деп қасиетті Құран Кәрімнің «Рум» сүресінде баяндалғандай, ер мен әйелдің неке одағын отбасы деп атаймыз. Аталмыш аят отбасының мейірімділік пен сүйіспеншілікке негізделгенін көрсетеді.
Бұдан кейін отбасы – тәрбие ошағы, ұрпақ тәрбиесінің негізгі мекені. Ата-ана өз балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларды имандылыққа, әдептілікке, еңбекқорлыққа үйретуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – әйеліне, отбасына ең жақсы қарағандарың» – деген. Сондай-ақ тағы бір өсиетінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баласына бере алатын ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» дейді. Демек, отбасындағы тәрбиенің негізгі жауапкершілігі ер адамның мойнында, ал берекелі болуы ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен тәрбиесіне байланысты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген секілді ауыз әдебиетіміздегі мақал, қанатты сөздер ата-ана тәрбиесінің аса маңызды екенін білдіреді» деді ҚМДБ Төрағасы.
Айта кетейік, республикалық ғылыми-практикалық конференцияға зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері, Шымкент қаласының имамдары мен әйел ұстаздары, студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.