Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласында: Ислам және отбасы құндылығы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Жылдың алғашқы ауқымды іс-шарасы қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.
«Сейітжан қари Есжанұлы» мешітінде өткен конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Кәкімұлы, дінтанушы-ғалым Алау Әділбаев, ақын, әдебиетші Абай Қалшабек және өзге де қоғам белсенділері сүбелі сөз сөйлеп, тақырып аясында ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«Биыл Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы – Діни басқарманың құрылғанына 35 жыл. Тарих үшін аз болғанмен, бір адамның ғұмырымен есептесек, көп әрі бір буын ауысатын уақыт. Осы күнге дейін мүфтият ел ішінде асыл дінімізді насихаттап, ата салтымызды дәріптеп келеді. Бүгінгі Шымкент шаһарында өткен жиынымызға дінімізбен де, дәстүрімізбен де біте қайнасқан қазақ даласындағы отбасы құндылығы арқау болды. Негізгі мақсатымыз – ел ішінде отбасы құндылығын насихаттау, ажырасудың алдын алу және оның себептеріне үңіліп, шешімін іздеу» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айта кетейік, республикалық ғылыми-практикалық конференцияға зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері, Шымкент қаласының имамдары мен әйел ұстаздары, студент жастар қатысты.