Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де зиялы өкілдері және ақсақалдармен кездесті.
«Әбсаттар Дербісәлі» кітапханасында өткен кездесуде Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың дін мен дәстүр, отбасы құндылығына қатысты жобаларымен таныстырды.
«Биыл 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияладық. Дәстүрлі тәрбие – берекелі шаңырақтың іргетасы деп ұдайы айтып жүреміз. Халқымызда «Уықты басқұр сақтайды, халықты дәстүр сақтайды» деген аталы сөз бар. Расында құдайсыз қоғам құру басты идеологияға айналған кешегі кеңес заманында дініміз бен салтымызды сақтап қалуға дәстүріміз күшті ықпал етті. Ел арасындағы діни құлшылықтар халқымыздың дәстүрлі рәсімдері ретінде қабылданды. Оны халқымыз жақсы біледі.
«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.
Бұдан кейін зиялы қауым өкілдері мүфтият бастамаларын толық қолдайтынын жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін бөлісті. Ақсақалдармен өткен сүбелі сұхбат «Мүфтият» баспасынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының ІІІ бөлімін таныстыру рәсімімен түйінделді.