Қасиетті Рамазан айында елімізде тағы бір мешіт ел игілігіне берілді. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе қаласы Қурайлы елдімекеніндегі жаңа мешіттің ашылуына қатысты.
«Кім мешітті құрметтесе, Қиямет күнінде өзі де құрметке бөленеді. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың жер бетіндегі үйлері. Сондықтан да Хақ Тағала Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтейді», – деген болатын. Алла Тағала баршамызды мешітке деген, дінімізге деген құрметі биік жандар қатарына қосқай! Ел игілігіне берілгелі отырған жаңа мешіттің бой көтеруіне атсалысқан барша азматтарға Алла Тағала мол сауабын нәсіп еткей!» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти жамағатқа жаңа мешіттің бас имамы қызметіне Руслан Елемесовтің тағайындалғанын хабарлап, құлшылық үйінің бой көтеруіне атсалысқан Нұрлан Амангелдіұлына алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, жаңа мешіт 600 адамға арналған. Мешіт екі қабаттан тұрады. Мешіт ішінде имамның бөлмесі, әйелдер залы, кітапхана бар.