5 тамыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннен қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған челленджді қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Абай ақын әрі ұлы ойшыл бола отырып, халықтар арасында бейбітшілік салтанат құрғанда ғана қоғамның негізгі күштері: ғылым, озық ойлар, мәдениет дамиды деп санады», - дейді Олий Мажлис палатасының спикері.
Нурдинжон Исмоилов осы акцияның Өзбекстандағы Қазақстан жылы тойланып жатқан уақытқа тұспа-тұс келгенін атап өтті. Спикердің айтуынша, бұл – қазақ пен өзбектің мәңгі әрі шынайы достығының, мәдени әрі рухани бірлігінің символы.
«Туысқан екі халықтың тағдыры да, болашағы да ортақ», - деді өзбек спикері. Ол Өзбекстанда жыл сайын 10 тамыз күні ұлы ақынның туған күніне орай салтанатты шаралар ұйымдастырылатынын, Ташкент мемлекеттік педагогика университетінде «Абай және өзбек әдебиеті» экспозициясы ашылғанын, оқушылар мен студенттер арасында Абай тақырыбына шығармалар байқауы өтетінін жеткізді. Абайдың өлеңін өзбекше оқыған Нурдинжон Исмоилов эстафетаны Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалдыға жолдады.