13 тамыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Карачилік (Пәкістан) Ясир Салман мен оның отбасы 7500 қатысушының ішінде жүзден жүйрік атанып, Силикон алқабында (АҚШ) өтетін жасанды интеллект бойынша жаһандық байқауға (AІ Family Challenge) жолдама ұтып алып, Cavity Crusher атты өнертабысы үшін жастар сыйақысына ие болды, деп хабарлайды azan.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
AІ Family Challenge – жасанды интеллект бойынша тегін, тәжірибелік білім беру бағдарламасы, ол «AІ көмегімен әрбір адамға үйренуге, ойнауға және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру үшін жанұяларды, мектептерді, қауымдастықтар мен технологияларды біріктіреді». Бағдарлама жанұяларға өз қоғамындағы мәселелер туралы ойланып (көлік, денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік немесе қоршаған орта мәселелері), жасанды интеллект технологиясын пайдалану арқылы шешім табуға шабыттандырады. Сондай-ақ бағдарлама жанұяларға жергілікті жаттықтырушыларды (менторлар) табуға көмектеседі. Бүкіл әлем бойынша әділқазылар ұсынылған материалдарды бағалайды да, алты отбасы Силикон алқабындағы сарапшылар тобына өз идеяларымен бөлісу мүмкіндігіне ие болады. Биылғы жылы бас әділқазы Google-дың жасанды интеллект бөлімінің директоры Джефф Лин болды.
Ясирдің айтуынша, ол Cavity Crusher идеясы туралы балалар арасындағы тісжегінің жаһандық мәселе екендігі жайлы онлайн-зерттеуді көрген соң ойлана бастаған. Әрі қарай зерттеулерден соң ол бұл мәселенің көптеген балалардың күніне екі рет, ұсынылған екі минут бойы тіс тазаламайтындығымен байланысты екенін анықтайды. Өзінің отбасы мен жетекшісінің көмегімен ол тіс щеткасына арналған тіреуіш ойлап тапқан. Тіреуіш балалардың тіс тазалау ұзақтығын қадағалауға мүмкіндік береді, сосын сол ақпаратты Bluetooth арқылы ата-аналардың телефондарына жіберіп отырады. Құрылғы сонымен қатар қанша тіс пастасы жұмсалып жатқанын да қадағалай алады. Ясир өзі ойлап тапқан құрылғының балаларға өмірлік оң дағдыларды дамытуға көмектеседі деп үміттенеді.
Ясирдің ата-анасы ұлдарының өнертабысын мақтан тұтады. «Байқауға бүкіл әлемнен таңғаларлық идеялар ұсынылғандықтан, біздің идеямыз таңдалды дегенде сене алмадым», - дейді Фариха.
Өнертапқыштығымен қоймай, Ясир 10 жасында бүкіл Құранды жаттап алған. Бұл балаларға сенім артса және мүмкіндік берілсе, олардың қаншалықты талантты бола алатындықтарының бірден-бір дәлелі.
«Біздің балаларымызға қабілеттерін дамытуға көмектесетін осындай платформалар қоғамға көптеп қажет».
Алла Ясир мен оның отбасына екі дүниенің бақытын нәсіп етсін.