5 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған қазақстандық делегация Өзбекстанның Самарқан қаласына жасаған ресми сапары аясында имам Бұхари мен Әбу Мансұр әл-Матуриди мазарын зиярат етіп, Құран аятын бағыштады, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Делегация мүшелері өнегелі өмірімен, еселі еңбегімен, кейінгі ұрпаққа сарқылмас азық болар ғылыми шығармаларымен Ислам тарихында есімдері алтын әріппен жазылған қос ғұламаның кесенесіне арнайы ат басын бұрып, зиярат етті.
Сондай-ақ, жергілікті дін қызметкерлерімен сұхбаттасып, кесене тарихымен танысты.
Айта кетсек, делегация құрамында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов болды.