Түркияның Эдирне провинциясындағы Селиме мешіті ЮНЕСКО шешімімен әлемдік мұралар тізіміне енген. Осының арқасында бүгінде мешітті өз көзімен көруге ынтық туристер легі де көбейген.
1568 жылы Синан сәулетшінің жобасымен тұрғызылған мешітке өткен жылы 1,5 миллион адам келген. Эдирне провинциясы Мәдениет және туризм басқармасының директоры Ахмет Гаджиоглу осындай мәлімет келтірді.
«Соңғы уақытта мешітке келушілер қатары артты. Әсіресе, ЮНЕСКО осы мешітті әлемдік мәдени мұра деп бағалаған кезден әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келе бастады. Сонымен қатар, провинциямыздың да әсем келбеті, мәдени-тарихи орындары көпшіліктің қызығушылығын тудырады» деді Гаджиоглу.
Айта кетсек, Осман мемлекеті тұсындағы тарихи ғимарат құрылысы 1568 жылы басталып, 1574 жылы аяқталды.
ummet.kz-ақпарат