23 тамыз. АСТАНА. Ummet.kz – Күллі мұсылман әлемі үшін айтулы мерекелердің бірі - құрбан айт мейрамын мұсылман елдері жаппай тойлады, деп хабарлайды Анадолу агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Балқан елдерінде өмір сүріп жатқан мыңдаған мұсылман таң алагеуімде айт намазына мешітке қарай жол тартты.
Босния-Герцоговинаның астанасы Сараеводағы тарихи ғимарат Гази Хусреф Бей мешітіне мейрам намазына жиналған жамағат лықа толды. Босния-Герцоговинаның Дін істері төрағасы Хусейін Кавазович айт намазын оқытқан соң сөйлеген сөзінде барша адамзаттың Алла тарапынан жаратылғанын айта келіп: «Ортақ тағдырымыз үшін дін мәселесінде ауызбіршілікке және жауапкершілікке мұқтажбыз», - деді.
Келесі бір Балқан елі Сербияның астанасы Белградтағы жалғыз мешіт – Байрақтыда айт намазы үлкен ықыласпен оқылды.
Балқан түбегіндегі көлемі жағынан ең кішкентай ел – Қаратаудағы 130-дан аса мешітте айт намазы оқылды.
Хорватияның астанасы Загребте бас қаламен аттас мешітте мұсылмандар құрбан айтты шат-шадыман тойлады.
Македонияда, Косовода және Албанияда тұратын мұсылмандар да мерекелік айт намазын оқу үшін мешітке жиналды.
Германияның астанасы Берлинде және Көлн қаласындағы мешіттер де айт намазына жиналған жамағатқа лықа толды. Берлиндегі Шейіттер мешітінің ішіне сыймаған жамағат аулада оқыды.
Австралияда да мерекелік көңі-күйдегі қалың жамағат мешіттерге жиналды.
Филиппиннің Минданао аралдарындағы Бангсамородағы мешітте халық мерекені айт намазынан бастады. Марави қаласында тұратын мұсылмандар Минданао мемлекеттік университетінің стадионын толтырды. Айт намазын оқытқан Профессор, доктор Хамид Аминоддин Барра мұсылмандардың тек ауызбіршілікпен және ынтымақпен ғана қиындықтардан құтыла алатынын тілге тиек етті.
Ал, Африка мемлекеті Ливияның астанасы Триполидегі мұсылмандар айт намазын Шейіттер алаңында оқыды.
Ягуа қаласында (Камерун) тұратын мұсылмандар айт намазына таңертең ертемен Ягуа мешітіне жиналды.