27 тамыз. АСТАНА. Ummet.kz - Мекке қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти, Қажылық миссиясының жетекшісі Бауыржан қажы Əбдірашұлы қажылық маусымында белсенді қызмет көрсеткен миссия өкілдеріне алғысын білдірді, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Миссия құрамындағы дəрігерлер мен уағызшылар тобы, жолбасшы (гид) мамандар мен имамдар белсенді қызмет көрсетті. Ұстаз Сансызбай қажы Құрбанұлы бастаған ғалымдар қажылық барысында туындаған терең діни мəселелерге дер кезінде жауап беріп, пəтуа шығарып отырды. Дəрігерлер тобы да тəулік бойы медициналық қызмет көрсетті. Шығыс Қазақстан облысының өкіл имамы Ермек Мұқатай бастаған имамдар тобы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіретіміздің бекітіп берген арнайы маңызды тақырыптар негізінде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Биылғы қажылық маусымында атқарылған жұмыстарға оң баға бере отырып, баршаңызға Алла разы болсын дегім келеді. Қажыға қызмет - абыройлы міндет! Алла Тағала қажыларымызға жыл сайын қызмет көрсетуді нəсіп еткей», - деді миссия жетекшісі Б.Əбдірашұлы.
Алқалы жиыннан кейін наиб мүфти миссия мүшелеріне сый-сияпат үлестірді.
Айта кетейік, биыл 3000 отандасымыз қажылық парызын өтеді. Оларға 20 дəрігер алғашқы медициналық көмек көрсетті. 18 фирма қызметкерлері мен əр фирмаға бөлінген имамдар да өзіне жүктелген міндеттерді атқарып шықты.