21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Намазда тәшәһһуд дұғасында саусақты көтерудің үкімі

Сұрақ-Жауап

Бұл іс-әрекет бір адамдар үшін жаңалық болса енді біреулер үшін әдетке айналған. Ал біреулер болса сол істі орындамаса намазы қабыл болмай қалатындай сезімге түскен. Саусақ көтеру қай хадистерде келтірілген? Ол амалдың негізгі үкімі қалай? Әһлу сунна ғалымдарының ол хадистерден алған үкімдері қандай? Осы сұрақтарға қысқаша жауап беруге тырысамыз.

Намазға келген мұсылман қауымы күнделікті бес уақыт намазда немесе жұма намазында ортаңғы немесе соңғы отырыста тәшәһһуд дұғасын оқу сәтінде намаз оқушы кісілердің бірі сұқ саусақты аз мерзімге немесе ұзақ көтеріп, енді бірі жәй ғана көтеріп қана қоймай, тағы да қимылдатып отырғандықтарын көреміз.

Біріншіден, бұл амал қай дұға кезінде жасалады деген сұраққа жауап беру үшін сол дұғаны риуаятымен келтірейік:

عن عَبْدُ اللَّهِ بن مسعود قال:كُنَّا إِذَا صَلَّيْنَا خَلْفَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، قُلْنَا السَّلَامُ عَلَى جِبْرِيلَ، وَمِيكَائِيلَ، السَّلَامُ عَلَى فُلَانٍ وَفُلَانٍ، فَالْتَفَتَ إِلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: "إِنَّ اللَّهَ هُوَ السَّلَامُ، فَإِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ فَلْيقُلِ: التَّحِيَّاتُ لِلَّهِ وَالصَّلَوَاتُ وَالطَّيِّبَاتُ، السَّلَامُ عَلَيْكَ أَيُّهَا النَّبِيُّ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ، السَّلَامُ عَلَيْنَا وَعَلَى عِبَادِ اللَّهِ الصَّالِحِينَ - فَإِنَّكُمْ إِذَا قُلْتُمُوهَا أَصَابَتْ كُلَّ عَبْدٍ لِلَّهِ صَالِحٍ فِي السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ - أَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ ".

Ибн Масғудтан (р.а.) жеткен хадисте мынаны айтады: Біз Пайғамбардың (с.ғ.с) артында тұрып намаз оқығанымызда; Жәбірейілге, Микәйлге, пәленге, түгенге Алланың амандығы болсын деп айтушы едік. Сонды Алла Елшісі (с.ғ.с) бізге бұрыла қарап былай деді: расында Алланың өзі амандық, араларыңдағы қайбірің болмасын намаз оқыса мынаны айтсын: «Барлық дұғалар, мадақтар, тәндік, дүниелік жақсылықтар Аллаға лайық. Уа, Пайғамбар! Саған Алланың сәлемі және рақымы мен берекеті жаусын! Бізге және Алланың салиқалы құлдарына Алланың сәлемі болсын! – сендер осыны айтсаңдар жер мен көктегі Алланың салиқалы құлдарына дұғаларың тиеді – Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін!»[1]

Саусақ көтеру мәселесі міне, осы дұғаны оқу үстінде жүзеге асады. Алайда Алла Елшісінен ﷺ жеткен саусақ мәселесіндегі хадистерді тізбектесек:

 1. عن عبد الله بن الزبير قال : "ووضع يده اليسرى على ركبته اليسرى ووضع يده اليمنى على فخذه اليمنى وأشار بإصبعه ".

وفي النسائي " كان يشير بأصبعه إذا دعا ولا يحركها"

Абдулла ибн Зубайрдан (р.а.) жеткен хадисте былай деді: «Және сол қолын сол аяғының тізесіне қойды да оң қолын оң аяғының санына қойып, саусағын меңзеді (көтерді)».[2]

Ал Насаиден жеткен риуаятта: «дұға еткенде саусағын көтеретін де бірақ қимылдатпайтын»[3] - деген.

 2. عن وائل بن حجر قال : قلت : لأنظرن إلى صلاة رسول الله صلى الله عليه وسلم كيف يصلي فنظرت إليه فقام فكبر ورفع يديه حتى حاذتا بأذنيه ...، ثم قبض اثنتين من أصابعه وحلق حلقة ثم رفع إصبعه فرأيته يحركها يدعو بها .

Уайл ибн Хужрдан (р.а.) жеткен хадисте ол: «мен өзіме Алла Елшісінің (с.ғ.с) оқыған намазын мұқият зерттеп қараймын дедім, содан назар салғанымда Ол (с.ғ.с) тұрды да тәкбір айтып екі қолын құлағының ұшына дейін көтерді..., сосын екі саусағын (бас бармақ пен ортаңғы саусақты) қосып дөңгелек пішінге келтірді, одан кейін көргенім сұқ саусағын көтеріп қимылдатып жатқан кезде дұға етті»[4].

 3. عن عبد الله بن عمر أنه رأى رجلا يحرك الحصا بيده وهو في الصلاة فلما انصرف قال له عبد الله لا تحرك الحصا وأنت في الصلاة فإن ذلك من الشيطان ولكن اصنع كما كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يصنع قال فوضع يده اليمنى على فخذه وأشار بأصبعه التي تلي الإبهام إلى القبلة ورمى ببصره إليها ثم قال هكذا رأيت رسول الله صلى الله عليه وسلم يصنع .

Абдулла ибн Омардан (р.а) жеткен риуаятта ол бір  кісінің намаз оқып отырып қолыменен (бекерден бекер) тасты қимылдатып жатқанын көреді. Намазды аяқтағанда Абдулла әлгі біреуге: намазда тұрғанда тасты қимылдатпа, өйткені ол шайтанның азғыруынан. Бәлкім Алла Елшісі (с.ғ.с) қалай жасаған болса дәл солай жаса деді де оң қолын санына қойып ортаңғы саусақтан кейінгі сұқ саусақты құбылаға қарап көтеріп, көзін әлгі саусағына тікті. Сосын: «Алла Елшісі (с.ғ.с) осылай жасағанын көрген едім» деді[5].

Аталмыш хадистерден алынатын үкімдер:

Намаз ішінде ташаһһуд дұғасы кезінде оң қолдың сұқ саусағын көтеру сүннет.

Ханафи мәзһабы бойынша ташаһһуд дұғасының «ләә иләәһә» деген сөзінде сұқ саусақ көтеріліп, «иллаллааһ» деген сөзінде түсіріледі.

Сұқ саусақты көтерген кезде бас бармақ пен ортаңғы саусақты сақиналап дөңгелек пішінге келтіруге болады.

Сұқ саусақты көтергенде қимылға келтіруге болмайды.

Сұқ саусақты көтергенде құбылаға қаратып оған көз тігу де Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннетінен болып табылады.

Сұқ саусақты көтермеу намаздың бұзылуына әкеліп соқпайды.

 Нұрсұлтан Мамедалиев

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


[1] Бухари мен Муслим келтірген.

[2] Имам Муслим, №579 хадис.

[3] Имам Насаи, №989 хадис, имам Абу Дауд 1270 хадис.

[4] Имам Насаи, №889 хадис.

[5] Имам Насаи, №1160 хадис.

Бөлісу: