21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Уәде – Алла сөзі» дегенді қалай түсінеміз?

«Уәде – Алла сөзі» дегенді қалай түсінеміз?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Ассалаумағалайкүм. Кейде намазхан бауырларым берген сөздеріне жеңіл-желпі қарайтынын байқаймын. Исламда сертінде тұру, сөзге беріктік дегенді қалай түсіндіреді?

Уағалейкумассалям,

Көркем мінез иманның көрінісі. Ал көркем мінездің бір сипаты уәдеге беріктік, сөзінде тұру. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейтін халқымыз ежелден сөзге беріктік сияқты асыл қасиетті жоғары бағалаған.  

Құранға қарай сөзі мен сертінде тұру әуел баста иманға келіп, Аллаға сөз беріп серттесіп, өзінің азат еркі арқылы адалдығын мығым сақтаған мұсылманның көркем мінезіне сай мойнындағы борышы деп саналады. Мейлі адамға, мейлі Аллаға берген әрбір серт пен сөз адамды жауапкершілікке байлайды. Осындай жауапкершілікті орындаған адамға «сөзіне адалдық танытты» деп айтылады[1].

Алла Тағала Құран Кәрімнің Рағыд сүресі, 20-аятында : «Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» деп, уәде беріп, сөздерінде тұрғандарды мадақтайды.

Тағы да Құранда: «Берген уәделеріңді және жасасқан келісім-шарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру жауапкершілікті міндеттейді» (Исра сүресі, 34-аят) деп уәде адамдар арасындағы сыйластықтың бастауы екендігін айтады.

Ал, «Исра» сүресінің 34-аятында: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» дейді Алла Тағала. Халық ішінде кеңінен тараған «Уәде – Алланың сөзі» деген мәтелдің мағынасы осынау аятпен астарлас жатқанына қарап, ұлтымыздың Құран әмірлеріне қаншалықты мән бергенін байқауға болады.

Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімнің бойында мына 4 түрлі қасиет бар болса, онда ол екіжүзді мұнафықтан саналады, олар: аманатқа қиянатшыл, сөйлеген сөзінде өтірік айтушы,  уәдесін орындамау, куәліктен жалтарушы» деген.

Жоғарыда келтірілген аят-хадистерден түсінеріміз, берген сөзінде тұру мұсылманның бойында болуы қажет ең басты қасиеттердің бірі.

Ummet.kz


[1] Бақара сүресі, 177-аят.

Бөлісу: