31
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Иғтикафқа отыру міндет пе?

Иғтикафқа отыру міндет пе?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Карантин шарттарында Рамазан айының соңғы 10 күнінде жасалатын иғтикафқа байланысты сұрақтар көпшілік мұсылманның көкейінде жүргені рас. Олай болса назарларыңызға  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің жауабын ұсынамыз.

Жауап: Иғтикаф сөзі бір орында отыру, тоқталу, бас тарту деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта иғтикаф деп ғибадат ету ниетімен бес уақыт намаз оқылатын мешітте күн кешуге айтылады. Әйелдер иғтикафты үйлерінде өткізеді.

Иғтикаф үш түрге бөлінеді: мұстахаб, сүннет муаккада (бекітілген) және уәжіп.

Мұстахап иғтикафты кез келген уақытта өткізуге болады. Иғтикафты ниет етіп, мешітке кіреді де қалағанынша құлшылық жасайды. Бұл иғтикаф белгілі уақытпен шектелмейді. Бір немесе бірнеше күн, бір немесе бірнеше сағат жалғасуы мүмкін. Мұстахаб иғтикафта отырған адамның ораза ұстағаны абзал.

Бекітілген сүннет иғтикаф Рамазан айының соңғы он күнінде өтеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастапқыда иғтикафқа Рамазан айының ортасындағы он күндікте отыратын, кейін соңғы он күндікте отыратын болды. Сосын қайтыс болғанға дейін осылай істеді. Одан кейін жұбайлары да иғтикафқа отыратын болды (Бұхари, Муслим). Алайда Рамазанның соңғы он күнінде арнайы құлшылық ету ниетімен кемінде бір тәулік бойы, яғни таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақытты ниет етіп, мешітте отыруға болады.

Уәжіп иғтикаф нәзір етумен жүзеге асады. Мысалы, бір мұсылман «Аллаға ант етемін, мен осы күні иғтикафқа отырамын» немесе «Аурудан айықсам, міндетті түрде иғтикафқа отырамын» десе, оған уәде еткен иғтикафты орындау міндетті болады. Ханафи мәзһабы бойынша, нәзір иғтикафта ораза ұстау – уәжіп.

Мешітте иғтикафта отырған адам сол жерде намаз оқиды, Құран оқиды, ілім үйренеді, зікір айтады, кітап оқиды, уағыз-насихат тыңдайды, тамақтанады, қонады. Дүние істерін істеу және дүние сөздерін сөйлеу – мәкруһ. Мешіттен сыртқа тек әжетханаға бару, дәрет алу секілді қажеттіліктер үшін ғана шығады.

Кейбір ғалымдар сал аурумен ауырғанда және амалсыздық жағдайда ер адамдарға иғтикафты үйде өткізуге рұқсат етеді (fatwa.islamonline.net/2409). Қазіргі төтенше жағдайда иғтикафты мешітте өткізуге рұқсат етілсе, мешітте өткізеді. Болмаса, оны үйде өткізсе де болады.

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары

 «Мұнара» газеті, №9, 2020 жыл

Бөлісу: