20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Тырнақты алатын белгілі бір күн бар ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Менің сұрағым тырнақты алатын белгілі бір күн немесе белгілі уақыт бар ма?

 - Тырнақты аптаның қай күні алам десеңіз де, өз еркіңіз. Бірақ, жұма күні намазға дейінгі уақыт ішінде тырнақ алуды әдетке айналдыру – мұстахаб (ұнамды). Мұның себебі, хадисші Бәйһақи кітабында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жұма күні намаздан бұрын тырнағын алып, мұртын қысқартатындығы айтылады [1].

Ал, сіз сұрап отырған «тырнақты белгілі бір күні алу» жайында мынадай риуаят бар.  Айша анамыздан келген бір риуаятта: «Кім жұма күні тырнағын алатын болса, келесі жұмаға дейін және оған қосып тағы үш күн Алла оны бәле-жаладан сақтайды», [2]– делінген.

Тырнақты қанша күнде алып тұру керек дейтін болсаңыз, абзалы – аптасына бір рет алып тұру. Ал, қырық күннен асса – харамға жақын мәкрүһ [3]. Себебі, Сахаба Әнәс: «Мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық түгін жұлып, әурет түгін қыруды қырық күннен асырмауды бұйырды» [4] – деген. 

Өскен тырнақ жеке гигиенаға да қайшы келеді. Ол арқылы адам ағзасына түрлі микробтардың түсуі мүмкін. Осыны ескерген ардақты Пайғамбарымыз тырнақ өсіруді құптамаған. Бұған байланысты Әбу Әйюб әл-Әзди былай дейді: «Пайғамбарымызға бір кісі келіп көктен келетін хабарды сұрады. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.у): «Біреулерің келіп көктегі хабар жайында сұрап жатыр. Тырнағы кірге толы, құстың тырнағы сияқты өсіріп алыпты», – деп ескерту  жасаған» [5].

Тырнақ алу әдебі бойынша, әуелі оң қолдың сұқ саусағынан бастап, ретімен ортаңғы, аты жоқ [6] және шынашақ, ең соңында басбармағының тырнағы алынады. Сол қолы шынашағынан бастап, ретімен басбармағының тырнағымен алумен аяқталады.

Аяқ тырнақтарын оң аяғының кішкентай башпайынан бастап,  ретімен алады. Ал, сол аяғының тырнағын, керісінше, үлкен башпайынан бастап, кішкентай башпайынан аяқтайды[7].

Ескерте кетерлік бір жайт, тырнақты тәуліктің кез келген ыңғайлы уақытында алуға болады. Кейбір қандастарымыздың айтып жүргеніндей «түнде тырнақ алуға болмайды» деген тыйым шариғатта жоқ.

[1]Тухфатуль Әхуизи (Тирмизи шархы) – 2759 хадис түсіндірмесі. (Мүрсәл хадис)

[2]Али әл-Қари, Мирқатуль Масабих, Китабуль Либәс: «Бәбу әт-тәражжүл», №4422-хадис түсіндірмесі. (қаншалықты дұрыс екендігі жайында мәліметім жоқ)

[3]Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 9/582-583 бет.

[4]Тирмизи , Китабуль Әдәб, №2559-хадис.

[5]Әл-Бәйһақи, әс-Сүнәнуль Кубра, Китабут Таһара – №773-хадис.

[6]Қол саласындағы төртінші саусақтың аты. Қазақ тілінің әмбебап сөздігі.

[7]Фәтәуәль Һиндия – 5/437 бет.

муфтият.кз 

Бөлісу: