29
Жұма,
Наурыз

һижри

Өзге елге «Хижрат жасау керек дегендер бар. Оларға не айтар едіңіз?

Сұрақ-Жауап

Әссәләмуғалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, кейбір жастар біздің елді «Даруль Ислам» емес, кәпірлердің отаны дейді. Сондықтан,  басқа мұсылман еліне «хижрат жасау» (қоныс аудару) керек дейді. Дәлел ретінде Ниса сүресіндегі аятты алға тартады. Онда былай делінген: ««Өздеріне  өздері зиян жасағандардың жандарын алуға келгенде, періштелер олардан: «Қай жағдайда болдыңдар?», - деп сұрайды. Олар: «Жерімізде біз шамасыз жағдайда болдық», - дейді. Сонда Періштелер: «Көшемің десең, Құдайдың жері кең емес пе еді?» - дейді. Міне, солардың баратын жері де – жәһәннам. Ол дегеніңіз – сұмдық орын». (Ниса сүресі, 97-аят.). Осыған не дейсіздер?

Уағалейкум әссәләм! Олардың алға тартқан жоғарыдағы дәлел ретінде келтірген аяты үкім жағынан біздің елге мүлде сай емес. Әуелі "Хижрат" дегеніміз не өзі? "Хижрат" - деп, құлышықтарын емін-еркін жасауға тыйым салынған, діни тұрғыдан қатты қысым көрген адамның діні мен жанын сауғалап өзі өмір сүріп отырған "кәпір елді" тастап, "ислам жұртына", басқаша айтқанда «даруль куфрді» тастап, «даруль исламға» көшу деген сөз.

«Хижрат жасаудың» шариғи үкімі жайлы ханафи ғұламалары «даруль куфр» болса да, ол жерден хижрат жасау уәжіп емес деп үкім шығарған. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Мекке мұсылмандардың қолына етті. Бұдан кейін хижрет ету жоқ. Оның орнына Алла жолында күресу мен (қалыс) ниет бар», - деген[1]. 

Басқа мәзһабтарда кісі өзінің құлшылықтарын емін-еркін атқаруға тыйым салынған, діни тұрғыдан қатты қысым көрген жағдайда ғана басқа мұсылман еліне қоныс аудару уәжіп.

Қазақстан – Ислам жұрты және мұсылмандардың отаны. Яғни, «даруль ислам» болып есептеледі. Сондықтан бұл аяттың үкімі біздің елге мүлдем сәйкес келмейді. Олай дейтініміз, о баста қазақтың осынау байтақ жерін жоңғар секілді тілі бөлек, діні бөлек шапқыншыларға бермей қорғап қалған ата-бабаларымыз өздерін мұсылман санап, ислам дінінің барлық құндылықтарын қоғамда ту еткен шынайы мұсылман болатын. Хан-сұлтандар мұсылманша тәрбиеленіп, мұсылманша хат таныды. Мұсылман дінін халық арасында жайып, мешіт-медреселер тұрғызды. Яғни, бұл жер  өздерін мұсылманмын деп, иманына шан жуытпаған ата-бабамыздың бізге аманаттап жеткізген жері. Құдайға шүкір, кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін елімізде асыл дініміз қарқынды түрде қанат жаюда. Мемлекет тарапынан дініміздің кең насихатталуына, мұсылмандардың құлшылықтарын емін-еркін жасауларана барлық жағдай жасалып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде зәулім-зәулім әсем мешіттер бой көтеріп, медреселер саны  қарқынды түрде өсіп отыр. Мешіттерімізден бес уақыт азан  шақырылуда. Діни рәсімдер мен жеке құлшылықтарды емін-еркін атқаруға жағдай жасалған осындай елді «кәпірлердің жері» деп үкім шығару шариғатқа анық қайшы. Мұндай шешім надандықтың белгісі.

Елімізде қандай да бір мұсылманның діні мен жанын сауғалап өзге елге қоныс аударуына итермелейтін ешбір себеп жоқ. Керісінше әрбір мұсылман баласы еліміздегі осы бейбіт жағдайды дұрыс пайдаланып, дініміздің құндылықтарын басқаларға жеткізуге тырысуы ләзім.

Меніңше дінімізге жан-жақты жағдай жасап отырған осындай мұсылман елінінен безіп, өзге елге "хижрат жасау керек" - деп желігіп жүргендердің өзіндік басқа психологиялық себебі бар. Олар өздерінің жаңсақ да қатаң діни көзқарастары арқылы өздері өмір сүріп отырған қоғамға қайшы келуде. Дінде шектен шыққандықтан айналасындағы адамдармен тіл табыса алмайды. Кез-келген нәрсені бидғат санап, анау харам, мынау ширк деп орынсыз үкім айтып, қатардағы адамдардың мазасын алуда. Сақалын қалай болса солай қараусыз өсіріп, шалбарын шолтитып кесіп тастаған адамға адамдардың көзқарасы да өзгеше болғандықтан, үнемі қоғамның психологиялық қысымына ұшырайды. Мұндай адам ешбір жерде тұрақты жұмыс жасай алмайды. Тіпті уақыт өте келе одан дос-жарандары, ағайын-туыстары да безе бастайды. Қысқасы өзінің жаңсақ діни көзқарастыры мен іс-әрекеттерінің салдарынан кең дүниені тар қапасқа айналдырады. Айналасынағыларды өзіне дұшпан санай бастайды. Кінәні өзінен емес, өмір сүрген қоғамынан іздейді. Мұндай психологиядағы адам осы қиыншылықтан құтылу үшін өзінше жол іздеп, хижрат жасау керек деген қателікке ұрынады.

[1] Әл-Маусуғатуль Фиқһия. «Даруль Харб». 

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

Бөлісу: