19
Жұма,
Сәуір

һижри

Зәмзәм суының не қасиеті бар?

Зәмзәм суының не қасиеті бар?

Сұрақ-Жауап

Ассаламу алейкум! Зәмзәм суының қасиеті жөнінде қысқаша айта кетсеңіздер. Алла разы болсын, ұжымдарыңызға.

Уа алейкум ассалам!

Зәмзәм – жер бетіндегі ең қасиетті су. Оның пайда болғанына шамамен 5 мың жыл болған. Заманауи зерттеулер нәтижесі зәмзәмнің ең таза су екендігін анықтаған. Ол су болғанымен оның аш адамды тойдыратын, науқасқа шипа болатын қасиеті тағы бар. Бұл жөнінде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жер бетіндегі ең қасиетті су – зәмзәм суы. Ол әрі ас, әрі шипа[1]»,-деген. Бұған қоса, зәмзәм әлемдегі ең киелі жер Меккенің қойнауынан шыққан бұлақ.

Зәмзәм Кағбадан шамамен 21м. жерде орналасқан. Әуелде жердің беткі қабатында көрініп тұратын еді. Қажылық етушілердің саны көбеюіне байланысты тауаф жолын кеңейту қажеттілігі туындады. Ал, зәмзәмды төменгі қабатқа көшірді. Бұдан кейін бұлақты толығымен жауып, зәмзәм суы құбыр арқылы шүмектен шығарды.

Сахаба Жабир (р.а.): «Зәмзәм ішкен ниетке байланысты[2]»,-деген хадис риуаят еткен. Сондықтан, зәмзәмді дүниелік және ақыреттік тілектерді айтып дұға жасап ішкен дұрыс.

Имам Шафиғи (р.а.): «Зәмзәмді үш тілек айтып іштім. Мерген болайын деп, менің атқан он жебемнің оны да нысанаға дөп тиеді. Әйтпесе, оннан тоғызы тиеді. Ілім сұрап іштім, ілімдегі орным өздеріңе мәлім. Жәннат сұрадым, ол тілегім де қабыл болады деп үміт етемін»,-деген екен.
Ал, Ибн Аббас (р.а.) зәмзәм ішкенде: «Раббым! Сенен пайдалы ілім, мол ризық-несібе және барлық дерттен шипа сұраймын[3]»,-деп дұға етеді екен.

muslim.kz

____________

[1] Ибн Хиббан
[2] Ахмед, Ибн Мажа, Байһақи
[3] Дарақұтни

Бөлісу: