21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мәуліт мерекесі жайлы шариғат не дейді?

Мәуліт мерекесі жайлы шариғат не дейді?

Сұрақ-Жауап

Ассаламу алейкум, құрметті сайт ұжымы!

Мәуліт айы деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған айды айтады екен. Осы айда мереке етіп, атап өту бар екен. Алайда, кейбір бауырлар бұл дұрыс емес дейді. Осы жайлы, яғни мәуліт тойлау немесе тойламау жөнінде түсіндіріп берсеңіздер. Алдын ала рахметімді айтамын.

Уа алейкум ассалам!

Әз-Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүйсенбіде ораза тұтуының сыры жайлы «Бұл – мен туған күн[1]», - деген екен. Бұл елеусіз қалдыруға болмайтын аса салмақты сөз. Сонымен қатар, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сіздер мені ата-анаңыздан, бала-шағаңыздан және барша адамнан артық жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыздар[2]», - деп ескерткен. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жақсы көру үшін өмірбаянын оқып тану қажет екені мәлім. Демек, Мәулітті атап өту – абзал амалдың бірі. Себебі, мәуліт Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен қуаныштың айрықша көрінісі. Ал, Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көру – иман негіздерінің бірі. Шариғатта: «Мақсатқа жетуге себеп болған құралдың үкімі мақсаттың үкімімен тең» деген қағида бар. Мақсат – пайғамбарды (с.ғ.с.) өнеге тұту, жақсы көру. Құрал – мәуліт уақытында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірін насихаттау.

Сахаба Бурайда әл-Әсләми (р.а.) мынадай риуаят баяндайды: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір жорыққа аттанған еді. Жорықтан оралған шақта қара әйел келіп: «Уа, расулулла! Алла Тағала сізді жорықтан аман-есен қайтарса, табылда[3] ойнап, ән айтамын деп нәзір[4] еткен едім», - дейді. Мұны естіген Хақ Пайғамбары (с.ғ.с.): «Нәзір еткен болсаң жаса, әйтпесе жасама[5]», - дейді.

Олай болса, Мәуліт дінге қайшы амал немесе бидғат[6] деп түсінуге болмайды. Шариғат құптамайтын әрі адасушылық деп танылған бидғат Құран, сүннет, сахабалар жолына және ғұламалар бірауыздан құп санаған пәтуаға керағар болуы керек.

Міне, бұл деректер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көзі тірісінде орын алған оқиға. Ескере кететін мәселе, Мәуліт атап өту Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырын насихаттау, хадистерінің хикметі мен сүннеттерінің сырын оқып-үйрену мақсатында болуы қажет.

Ummet.kz


[1] Муслим

[2] Бұхари

[3] Табыл – мал терісінен жасалған ұрмалы аспап

[4][4] Нәзір – ойлаған мақсаты орындалса бір қайырлы іс жасауға уәде ету

[5] Ахмед, Тирмизи

[6] Бидғат – дінге енген жаңалық

Бөлісу: