Хәкім Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тән құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік... [1]», – дегендей нәресте ең әуелі тәндік қажеттілікке мұқтаж. Сондықтан да нәпсілік қасиеті ақылдан әуелі дамиды.
Осымен бірге, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:
كُلُّ مَوْلُودٍ يُولَدُ عَلَى فِطْرَةِ الْإسْلامِ...
Яғни, «Әрбір туылған нәресте ислам болмысымен туылады... [2]», - деп айтқандай адамда иман мен ақыл да болады. Ал, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
مُروا أَبْناءَكُمْ بِالصَّلاةِ وَ هُمْ أَبْنَاءُ سَبْع...
«Жеті жасында намаз үйретіңдер... [3]», – деген сөзіне сай ата-ана нәресте ойын баласы жасына жеткенде ақылын нәпсісінен жоғары қойдыруды үйретеді.
Осы кезеңнен бастап иман, ақыл және нәпсінің бірі адамның бойында басым дамиды. Осыған қарай, адамның келешек тағдырында аса маңызды рол ойнайды.
Енді, сол туа біткен әуелгі қасиет нәпсі дегеніміз не? Пенде иманы күшті, нағыз мұсылман болуы үшін нәпсісін түбегейлі өлтіріп тастау керек пе? Әлде, нәпсіге бас көтерерлік шама бермей, тоқтаусыз намаз оқып, үзбей ораза тұту шарт па? Шындығына келгенде нәпсі біздің болмысымыз. Нәпсі біздің тамақтануға, демалуға деген қалауымыз. Абай айтқандай: «Бұлар – тән құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Демек, нәпсі тәрбиеге мұқтаж. Жүгенсіз кеткен нәпсі жалқау, жатып ішер келеді. Нәпсі құрғырға өз еркі өзіне берілсе, арам рахаттардың барлығын татып шығуға бар. Нәпсі ұят пен арды білмейді. Сондықтан, нәпсіні жөнге салып иман мен ақылға қызмет етуге үйрету қажет. Нәпсі қиындыққа шыдас бермегендіктен, көбінесе, жаман қасиеттерге бейім келеді.
Ертедегі данышпандар:
مَنْ تَوَهَّمَ أَنَّ لَهُ وَلِيًّا أَوْلَى مِنَ اللهِ قَلَّتْ مَعْرِفَتُهُ بِاللهِ وَ مَنْ تَوَهَّمَ أَنَّ لَهُ عَدُوًّا أَعْدَى مِنْ نَفْسِهِ قَلَّتْ مَعْرِفَتُهُ بِنَفْسِهِ.
«Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойласа, Алла тағала жайлы танымы аз болғаны. Кімнің өзіне нәпсісінен артық дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені [4]»,– деген екен.
Ақыл мен нәпсінің күресі адам бойындағы жақсы һәм жаман қасиеттерінің күресі. Алла елшісі (с.ғ.с.) Табук жорығынан қайтып келе жатып:
رَجَعْنَا مِنَ الْجِهَادِ الأَصْغَرِ إِلَى الْجِهَادِ الْأَكْبَر
«Кіші жиһадтан (яғни, жорықтан) үлкен жиһадқа (яғни нәпсі күресіне) оралдық [5]»,– деген екен.
Расында, «Біреуді жеңген мықты емес, ашу үстінде өз-өзіне ие болған адам мықты[6]» дегендей адамға өзін-өзі жеңуі ең қиын іс. Нәпсімен күрес ғибадат жасауда, адамдармен қарым-қатынас жасауда болмақ. Қиын болғанымен мүмкін емес шаруа қатарына жатпайды.
Әл-Хасан әл-Басри: «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу», – деген. Иә, адам өз нәпсісін тәрбиеге салып, тізгіннің бір ұшын иманға екіншісін ақылға берсе Алла тағала құзырында жүзі жарық болмақ. Адам баласы нәпсісін Алла Тағалаға ғибадат етумен және ізгі амалдар жасаумен тазартады.
Құран Кәрімде:
فَأَلْهَمَها فُجُورَها وَ تَقْوَاهَا. قَدْ أَفْلَحَ مَنْ زَكَّاهَا. وَ قَدْ خَابَ مَنْ دَسَّاهَا.
«Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлде кім оны кірлетсе қор болды [7]», – деп әмір етілген. Аталмыш аят тәпсірінде: «Алла тағала нәпсіге азғындық пен тақуалық жолын танытқан. Жаманның не екенін және жақсының не екенін нәпсіге түсіндірген», – деп айтылған.
Осы түсінікке сай мағынада Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі «Сонда оған жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт [8]» аятын оқып: Иа, Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Сен ең жақсы пәктеуші затсың. Сен жанымның Иесісің, – деп дұға жасады [9]», – деген риуаят жеткізген. Иә, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге нәпсімізді қалай тәрбиелеу керектігін үйретуде.
Сондай-ақ, Зайд бин Арқам (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
أَللهُمَّ إنّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْعَجْزِ وَ الْكَسَلِ, وَ الْهَرَمِ وَ الْجُبْنِ وَ الْبُخْلِ وَ عَذَابِ الْقَبْرِ, اَللَّهُمَّ آتِ نَفْسِي تَقْواهَا, وَ زَكِّهَا أَنْتَ خَيْرُ مَنْ زَكَّاهَا, أَنْتَ وَلِيُّهَا وَ مَوْلَاهَا, أَللَّهُمَّ إِنّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ قَلْبٍ لاَ يَخْشَعُ, وَ مِنْ نَفْسٍ لا تَشْبَعُ, وَ عِلْمٍ لا يَنْفَعُ, وَ دَعْوَةٍ لا يُسْتَجَابُ لَها.
«Аллам, мен Сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атаулыдан және қабір азабынан сақтауыңды сұраймын. Иа, Алла, нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында Сен ең жақсы пәктеуші затсың. Сен жанымның Иесісің. Аллам, мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын [10]», – деген дұғасын риуаят еткен. Хадисті жеткізуші Зайд (р.а.) сөзінің соңында Алла елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерді бізге үйреткен, ал біз сіздерге үйретіп отырмыз, – деген екен.
Құран Кәрімде нәпсінің бірнеше түрі айтылған. Солардың кейбірін атап өтейік.
Жамандыққа бұйырушы нәпсі. Бұл басым көпшілік адамда кездеседі. Жүсіп пайғамбар (ғ.с.)
وَمَا أُبَرِّئُ نَفْسِي إِنَّ النَّفْسَ لَأَمَّارَةٌ بِالسُّوءِ
«Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады... [11]», -деген. Әрине, нәпсіге қалау берілсе, ол тек рахатты аңсайды. Еш уақытта құлшылыққа үндемейді. Бұрынғы хәкімдер мынадай ғибратты сөз қалдырған:
إِنَّ الشَّهْوَةَ تُصَيِّرُ الملُوكَ عَبِيداً وَ الصَّبْرَ يُصَيِّرُ الْعَبِيدَ مُلُوكاً أَلَا تَرَى إِلَى قِصِّةِ يُوسُفَ وَ زُلَيْخَا.
«Расында шәһуат (нәпсі құмарлық) патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Юсуф пен Зулайханың қиссасын көрмейсіз бе? [12]».
Ия, расында адамның сәтсіздіктерінің басты себепкері нәпсіге бой алдыру. Құлқының құлы болып, өмірін құрдымға жіберіп жатқан қаншама пенделер бар. Нәпсінің дегенімен жүріп абыройдан айырылған жандар қаншама. Өйткені нәпсі тек жамандыққа үндейді. Жақсылықты, ізгілікті нәпсі жаны сүймейді.
Сыншыл нәпсі. Бұл жақсы адамдардың бойынан табылады. Құран Кәрімде:
وَلَا أُقْسِم بِالنَّفْسِ اللَّوَّامَة
«...сөгіс беруші нәпсіге серт [13]», - деп айтылған.
Хазіреті Омардың (р.а.): «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер», - деген өсиеті осындай нәпсі мәртебесіне жеткізері хақ.
Әл-Хасан әл-Басри: «Расында, мүмин деп өзінің нәпсісін сынаушы адамды айтатынбыз. Ол өзіне: «Айтқан сөзіммен нені қаладым, жеген тамағыммен нені қаладым», – деп үнемі өзін сынап отырады. Ал, пасық болса қадам басқан сайын жақсылықтан ауытқи береді, өзін бұл үшін жазғырмайды да», – деген екен.
Сыншыл нәпсі – шынайы мұсылманның нәпсісі. Түзу жүретін мүмин өзінің әр іс-әрекетіне үнемі сын көзбен қарайды. Әрдайым сөзі мен іс-қимылына өзі есеп береді. Ал, екіжүзді бұзық адам өз әрекетіне еш уақытта өкінбейді. Кісінің көңілін сөзімен ренжітсе де, әрекетімен біреуге зияны тисе де еш өзін кінәлап, жазғырмайды. Керісінше, жайбарақат жүре береді. Ғұлама Мужаһид «сыншыл нәпсі» жайлы: «Ол – жамандық істеп қойса неге істедің деп жазғырады. Ал, жақсылық амал істесе неге көбірек істемейсің деп сөгетін нәпсі», – деген екен.
Жаны жай тапқан нәпсі. Құран Кәрімде:
يَا أَيَّتُهَا النَّفْسُ الْمُطْمَئِنَّة
«Әй орныққан нәпсі [14]», – деп бұйрық етілген.
Тәпсіршілер: «Аят Осман бин Аффан (р.а.) жайлы түскен», – десе, кейбір ғалымдар«Хамзаға қатысты түскен», – деген. Сонымен қоса, Сағид бин Жабир (р.а.) мынадай оқиғаны баян етеді: Бір кісі пайғамбар (с.ғ.с.) құзырында: «Әй орныққан нәпсі!» – аятын оқыды. Мұны естіген Әбу Бакір: «Уа, Алла елшісі! Бұл қандай тамаша аят», – деп таңырқады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Бәкір! Расында періште бұл сөзді саған айтады», - деген екен.
Әбу Амамат (р.а.) жеткізген риуаятта: Алла елшісі (с.ғ.с.) бір кісіге:
أَللهُمَّ إِني أَسْألُكَ نَفْسًا بِكَ مُطْمَئِنَّةً تُؤْمِنُ بِلِقَائِكَ وَ تَرْضَى بِقَضَائِكَ وَ تَقْنعُ بِعَطَائِك.
«Иа, Алла, мен Сенен жай тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын [15]», - деп айт, - деді.
Әрбір мұсылман «нафсул-лаууама», яғни сыншыл нәпсі иесі болғанды қалайды. Алайда, бұл дәрежеге жету жолындағы талаптарды орындағысы келмейді. Адамдардың көбісі«нафсун аммарат бис-су», яғни жамандыққа бұйырушы нәпсі иесі болып табылады. Алайда, оны мойындағысы келмейді. Аталған үш нәпсі сипаттамасына қарап өзінің қай топқа жататынын ажырата алады.
Данышпандар: «Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса құштарлығының құлына айналады. Құмарлық қақпанына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап қалаған жағына сүйрейді. Мұндай адамның жүрегі құлшылық пайдасынан мақұрым қалады», - деген екен.
Көкірегі ашық адам өзінің айыбын айқын көріп тұрады. Айыбын және қате-кемшілігі неден, қай тұстан екенін аңғарса оны түзету мүмкіндігі туады. Өкінішке орай, адам баласы өз нәпсісінің қателігін көрмейді. Көргісі келмейді. Керісінше, діндес бауырының көзіндегі қылды тез байқап, өзінің көзіндегі томарды сезбейді. Ал, нәпсінің қателігін түзеткісі келген пенде төрт тәсілдің бірін қолданғаны жөн.
Бірінші: Ұстаздың құзырында дәріс алу. Өмірде көпті көрген, көкірегі ашық дана ұстаз тәрбиесіндегі шәкірт нәпсісінің кемшілігін тез түзетуге мүмкіндігі бар. Ұстаз шәкірттің әуелі қатесін көрсетіп, сосын оны жою жолын да үйретеді.
Екінші: Діндар, шыншыл және көкірегі ояу кісімен дос болу. Ханафи ғұламаларының бірі Дауд әт-Тои адамдардан оқшауланып өмір сүре бастаған көрінеді. Оның бұл әрекетінің себебін: «Ел арасынан неге кетіп қалдыңыз, - деп сұрағанда ол кісі: менің айыбымды айтпайтын елде қалайша тұрамын, - деп жауап берген екен.
Мұндай дос өз бауырына «дос жылатып айтады» дегендей ащы сынды бетіне айта алады. Мұндай шын пейілді дос жолдасының сөзіндегі қателік немесе ішкі-сыртқы әрекетінің айыбын ескертеді. Бұл әдісті көбінесе, ғұламалар мен данышпандар қолданған. Хазіреті Омар (р.а.): «Менің айыбымды айтқан адамға Алла рақымет етсін», - деген екен. Алайда, бұл заманда кісі нәпсісінің айыбын айтып, түзетуге көмек беретін дос тым аз. Дос деп атанып жүргенімен кейбірі іштарлық көрсетеді. Қазіргі таңда керісінше бізге ең жаман адам ақыл-кеңесін айтқан, айыбымызды көрсеткен адам. Ал, бұл біздің иманымызды әлсіретуге алып барады. Өйткені нәпсінің бұзылуы улы жылан мен шаян іспетті. Егер біреу біздің аяғымыздың астында жылан жатқанын жылдам ескертсе лезде жаншып өлтіріп, айтқан адамға алғысымызды білдіріп қуанамыз. Алайда, жыланның уы денені бірер күн ауыртып басылады. Ал, нәпсінің жамандығы жылан уынан да ащы. Оның зияны тіпті өлімнен кейін де адамға тиіп жатады.
Үшінші: Дұшпан сыны. Дұшпаның тілінен шыққан ащы сын арқылы кісі өзінің кемшілігін түзетуі мүмкін. Кісі ашуланған шақта ішіндегі барлық ойын жайып салары мәлім. Кейде бұл жағынан жағымпаз достан жау болған дұшпанның пайдасы көбірек тиіп жатады. Жағымпаз дос көбіне кісі кемшілігін жасырып, өтірік-шынын араластырып мақтауға беріліп кетеді. Сондықтан да көреген адам дұшпанының айтқан сөзіне де құлақ түреді. Керек жерін өз нәпсісін түзету үшін пайдаланады да.
Төртінші: Адамдармен етене-жақын араласу. Адамдардың іс-әрекетінің жаман тұстарын көрген кезде сол амалды өзінің бойынан іздейді. Шынында мүмин мүминнің айнасы дегендей өзгенің айыпты ісін көрумен өзінің қате-кемшіліктерін байқай түседі. Исадан (ғ.с.): «Әдептілікті сізге кім үйретті?», - деп сұрағанда Алланың пайғамбары: «Маған ешкім әдептілікті үйреткен жоқ. Надан кісінің бойынан бір әдепсіздік көрген кезде сол әрекеттен сақтанушы едім», - деп жауап берген екен.
Иә, Шал ақын «Ақыл қойшы, иман қой, нәпсі бөрі, бөріге қой алдырмас ердің-ері», - дегендей нәпсінің жетегінде жүрмей, құрдымға итермелейтін құмарлығымызды құрықтап, баршамыз мұсылман қауым арасында нағыз мұсылман болуымыз қажет-ақ.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі,
«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы
[1] Абай, 7-қара сөз.
[2] Муслим.
[3] Ахмад, Әбу Дауіт.
[4] Мунаббихат.
[5] Байһақи.
[6] Бұхари.
[7] Шамс сүресі, 8-10 аяттар.
[8] Шамс сүресі, 8-10 аяттар.
[9] Әл-Жамиъ лил-ахкам Құран, Құртуби.
[10] Ахмад.
[11] Юсуф сүресі, 53-аят.
[12] Мунаббихат.
[13] Қиямет сүресі, 2-аят.
[14] Фажр сүресі, 27-аят.
[15] Табарани.
Бөлісу: