Діни экстремизмнің құрбанына айналудың басты себептерінің бірі – дінді дұрыс түсінбей, шариғат шеңберінен шығу. Негізі дінге алғаш бет бұрған адам барлық ғибадаттарды мүлт жібермей, толыққанды орындауға тырысады. Сондай-ақ, естіген уағыздарына амал етуге әрекет етеді. Міне, теріс ағым өкілдері осы сәтті ұтымды пайдаланып, ондай адамды өз құрығына түсіруге барын салып бағады.
Сосын ол адамның басы тасқа тимейінше, өз ұстазынан басқаның насихатына құлақ түрмейтін, алған бетінен қайтпайтын бір беткей болып шыға келеді. Сондықтан да, дәстүрлі Исламның салиқалы да салмақты орта жолын жіте түсіндіру уақыт талабына айналып отыр.
Жаратқан Алла Тағала «Осылайша сендерді (артық, кемсіз) орташа бір үммет еттік. Адамдарға куә болуларың сондай-ақ, Пайғамбардың сендерге куә болуы үшін» деп насихат етеді. Алла Тағала аталмыш аятта мұсылмандарды «орта үммет» еткендігін жариялауда. Аяттағы «орта» деп аударылған «уасат» сөзіне ғалымдарымыздың берген анықтамасымен танысып көрейік.
Имам Исмайл ибн Хаммад әл-Жауһарий өзінің «Сихах» атты танымал сөздігінде: «Уасат – әр нәрсенің ең турасы және әділеттісі», - деп аударған. Ал, Әбу Бакір Мұхаммед ибн Хасан ибн Дурайд әл-Әздийдің «Жамхаратул Луғати» атты кітабында: «Уасат – әр нәрсенің ортасы. Пәленше өз қауымының уасатынан (ортасынан) дегені, ол қауымының беделдісі дегені. Сырғаның уасаты (ортасы) дегені, оның ең қымбат гауһар тас жапыстырылған жері дегені. Адамдардың уасаты (ортасы) дегені, олардың ең жақсысы дегені», - деп түсіндіреді. Сондай-ақ, Доктор Ахмад Омар Хашим есімді ғалым өзінің «Уасатиятул Ислам» атты еңбегінде бұл сөзге былайша түсіндірме береді:«Уасатия қолданыста тұлғаны шектен шығу мен кемшілік жасау тараптарына ауып кетуден сақтайтын жағдай. Бір сөзбен айтқанда, екі тарап арасында бір-бірінен жоғары болып кетпейтін тәрізде тепе-теңдік пен әділеттілікті сақтау. Демек, шектен шығу немесе кемшілікке жол беру, өте қатты болу немесе бос болуға жол берілмейді. Яғни, абзалына, әділеттісіне, жақсысына, кемелдісіне ілеседі». Демек, орта жол – мұсылман ұстанатын нағыз тура жол және дұрыс таңдау болмақ.
Ислам – жеңілдік діні. Тіпті, ғибадаттың өзінде жеңілдік жолын ұсынады. Яғни, Алла Тағала адам табиғаты көтере алмайтын нәрсені орындауын талап етпейді. Мәселен, шариғатта үзірлі адамның да жағдайы есепке алынған. Бар болғаны, кез келген жақсылық пен ғибадаттың үзілмей орындалуын қалайды. Осы ойымызды нақтылау үшін пайғамбар хадистерінің бірін әңгімеге арқау етсек.
Бірде Әбу Бәкір (р.а) Ханзала есімді сахабамен жолығып хәл-жағдай сұрасқанда қарсы алдында тұрған Ханзала (р.а): «Ханзала мұнафық болды», - дейді. Мұның себебін сұраған Әбу Бәкір (р.а) одан: «Пайғамбарымыздың (с.а.с) қасында болғанымызда ол кісі бізге тозақ пен жәннатты айтады. Сонда біз көзімізбен көргендей күй кешеміз. Сосын ол жерден шыққан соң адал жарымызға, бала-шағамыз бен мал-мүлікке алданып, көп нәрсені ұмытамыз», - деген жауап естиді. Сонда Әбу Бәкір де (р.а): «Аллаға ант етейін, біз де осындай жағдайға душар боламыз», - деді. Сосын екі сахаба осы мәселенің мән-жайын білу үшін пайғамбарымызға жүгінеді.
Қос сахабаның ортақ сауалына сүйікті Алла елшісі (с.а.с): «Жанымның Иесі болған Затпен ант етейін! Егер менің алдымнан шыққаннан кейінгі жағдайыңыз да менің құзырымдағыдай болатын болса, онда мәжілістеріңіз бен жолдарыңызда және төсектеріңізде сіздермен періштелер қол беріп көрісетін еді. Ей, Ханзала! Бірақ, бір сағат ондай, бір сағат мұндай болады ғой» деп қайталаған екен.
Міне, пайғамбар көрсеткен орта жол осы. Алла Тағала пенденің бар болғаны адам секілді өмір сүруін қалайды. Адам баласының періште болғанын да хайуан болғанын да құптамайды. Бірақ, оған періштенің де хайуанның да ерекшеліктерін берген. Тамақтану мен демалу – хайуанның сипаттарынан болса, рухани азық, ақыл, құлшылық ету періштелердің сипаттарынан. Егер, адамның бойындағы періште сипаты хайуандық сипаттардан жоғары болып, шариғат шеңберінде өмір сүрсе ол адамның дәрежесі періштеден де жоғары болмақ. Сол секілді адам баласының бойында хайуандық сипаттар періште сипаттарынан басым болып, жеп-ішу мен дүние тіршілігінен басқаны білмесе, оның дәрежесі төрт аяқты хайуаннан да төмен болады. Ислам діні адамның хайуан дәрежесіне түсуін қаламайды. Сондай-ақ, періште дәрежесіне көтерілуін де мәжбүрлемейді және оған үгіттемейді. Бар болғаны адамның шынайы адам кейпінде болғанын тілейді.
Сондықтан, біз жастарға және жалпы жамағатқа қасиетті Құран Кәрім көрсеткен және дара тұлға пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) үйреткен дәстүрлі Ислам дінінің орта жолын ұсынумыз қажет. Сонда ғана әр түрлі теріс ағымның алдын алып, дәстүрлі дінді ұстанушылар қатары көбеймек деп білеміз.
Төлеби ОСПАН,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің наиб имамы