Қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлерінің ішкі мәні мен шығу тегі Ислам құндылықтарымен байланысты екенін жиі байқап қалып жатамыз. Халқымыз өмір белестерінің барлық саласында атқарылар іс-шаралар мен салт-сана, жоралғылардың басым көпшілігінде асыл дінімізден тікелей алынған дәстүрлер мен діннің әмір-тыйымдарына сай келетін жоралғыларды ғасырлар сүзгісінен өткізе отырып, жалпы халықтық деңгейде қолданып, көшпенділер өркениетінің бір парасына айналдырып, әлемдік мәдениеттің жоғары деңгейін жасау сынды адамзаттың дүниелік мұратында өз ізін қалдырып кеткенін байқаймыз.
Қазақ халқында бала туылмастан бұрынғы құдалық салт-жоралғылар, үйлену салттары, үйленгеннен кейінгі салт-дәстүрлердің көбі Ислам діні талап ететін шарттардың аясында өтіп жатады. Өткен ғасырға дейін жалғасып келген құдалық жоралғыларында қалыптасқан бел құда, бесік құда, атастыру сынды құда болу тәсілдері Адамзат ұстазының (с.ғ.с) насихат еткен құда түсу, қалыңдық таңдау принциптеріне қайшы деп айта алмас едік. Мәселен, Пайғамбарымыз бұл мәселеде қалыңдықтың төрт түрлі шартын: қыздың тегін, сұлулығын, байлығын, тақуалығын айта келіп, діндарлықты таңдауға кеңес берсе, ата-бабаларымыз да асыл діннің әмірі сіңген, тақуадар, білімді әулеттің қызын айттырып, Құдай десіп құда болған. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қалыңдықты бір рет болса да көруге кеңес берсе, халқымызда осы әмірге сай күйеудің қалыңдықты көру үшін «Ұрын бару» деген салт болғаны баршамызға белгілі.
Дүниеге шыр етіп шақалақ келгеннен шаранадан шығып, жер қойнына кіргенге дейінгі барыстағы өмірлік мәні бар маңызды дәстүрлеріміз де асыл дінімізбен сабақтасып жатады. Әуелі, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өсиетіне сай, ағайын-туған, көрші-қолаңнан баланың өмірге келгені туралы сүйінші сұралады, сосын діннің талабы бойынша, балаға тақуа, салиқалы адамды шақырып, азан шақыртып ат қойғызады. Ұл баланы өсе келе, «сүндетке отырғызуы» бүкіл Пайғамбарлардың (ғ.с) сүннеті емес пе?
Бұдан ары балаға берілер тәрбие тізгіні мен өнеге шаралар салтқа айналған тәрбие медоттарының да Ислам қағидаттарына сай келетінін байқауға болады. Мәселен, ес білген ұлға «сәлем беруді» үйретуден басталатын кісілік қасиеттердің баршасы өмір тәржірибесі мен Ислам қағидаттарына негізделгенін жоққа шығара алмаймыз. Ал, халқымыздың тәрбие өзегіне айналған «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыздарына айрықша тәрбиелеуінің өзі дініміздің құндылықтарымен қабысып жатады.
Қазақ халқында «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген ұғым бар. Және сол ұғым аясында көршісіне ерекше мәміле жасайтын салт барлық әулеттерде күгі бүгінге дейін сақталып келген. Бұның өзі Ислам дінінде дәріптелетін көрші ақысы ұғымның өмірге сіңіп, ғұрыпқа айналғанының көрінісі. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп) деп айтылған өсиетінің амалға асырылуы еді.
Бұдан ары адам өмірден өтіп «кебіндеп» оң жаққа салып, жер қойнынан қабыр қазып, жаназа шығарып, жерлеу дәстүрілеріне дейін Ислам шариғатының аясында қалыптасқан жоралғыларға сай жүргізілетінін көріп жүрміз. Сондықтан, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің ата діннің өмірде амалға асырылған өнегесінің жемісі деуге болады.
Ислами өмір салтына үйлескен Көшпенділердің әлем халқын таңдандырған ғажайып дала өркениетінің өміршеңдігінің астарында Ислам дінінің озық мәдениеті, Құран аяттарының рухы мен Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистерінің хикмет бақшасының жұпар иісі аңқыған нәрі сіңгенін мойындамасқа шара жоқ.
Сәбит ЕРЕЖЕПОВ,
«Сәдуақас қажы Ғылмани»
мешітінің найб имамы