20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Жастарымызға діни экстремизмнен келетін қауіп

Мінбер

Діни экстремизм. Біздің қоғамға жаңа ғасырмен бірге келген, қазақ даласына мүлдем бейтаныс, жаңа ұғым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап азаматтарға дін еркіндігі берілуіне орай, шекарамыздан жат ағымдар да аттай бастағаны тарихи шындық. Сол кезеңдерден бастап, дәстүрлі Исламға кереғар жат ағымдардың кесірінен бүкіл әлемде пайда болған «экстремизм» үрейі бізді де ойландыра бастады.

Бүгінде прокуратураның шешімімен тыйым салынған әлденеше экстремистік, террористік ағымдардың еліміз аумағында азды көпті жұмыс жасауы жастардың санасына қауіпті «діни вирустардың» таралуына мұрындық болды. Бүгінде хизбут-тахрир, таблиғ жамағаты, тәкпіршілер, т.б ұйымдарға әр дәрежелі прокуратураның тыйым салуы тегіннен-тегін емес екені ақиқат. Оған себеп, аталмыш ұйымдардың құрығына түсіп, санасы улағанған ұйым мүшелерінің ойланбастан заңсыздыққа баруы мен қауіпті идеялогияның құрбандары болуы.

Дәстүрлі Исламмен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» жат ағымдар жетегіне ерген жастарды мемлекештілдік сана, патриоттық сезім, ұлттық рухтан айырады. Мәселен, тыйым салынғанына жарты жыл ғана болған «әт-Тәкбір уәл хижра» ұйымын айтар болсақ, аталмыш ұйым өзінің көзқарасына «мүлгіген» жастардың санасына ең әуелі кез-келген мемлекет тек қана Құран мен сүннет бойынша үкім беретін заңдық нормалармен өмір сүруі тиіс деген қасаң қағиданы сіңіре отырып, ондай болмаған жағдайда ол елдің заң-түзімдерін қабыл алмауға, ел басшысына, әміршілерге бағынбауға шақырады. Тіпті, басқа аймақтардағы өздерінің ниеттес адамдары топтасқан елдерге көшуге үндейді. Бұндай идеямен уланған жастардан қандай мемлекетшілдік сана мен патриоттық сезім күтуге болсын? Әрине, мүмкін емес. Ішкі жан дүниесі саяси құрлымдар мен басшылықпен келіспейтін, өз елінің заң-ережелерін «бағынбауға болатын» түзімдер ретінде қарайтын, Құран бойынша үкім бермеді деп ішкі жақтан мемлекеттік түзімге наразы жастар қашан болмасын, кейбір арам пиғылды топтардың билікке қарсы «дайын әскері» деуге болады. Бұл жастарға беретін ең үлкен қауіп екенін аңғарамыз.

Ал, бүгінде уахабистік бағытты ұстанған жастардың дені қазақ халқының (басқа да жергілікті халықтардың) салт-дәстүрі мен мәдениетіне қарсы пиғылды ұстанып жүр. Олар қазақ халқының неше мың жылдан бері Ханафилық мәзһабтағы Ислам дінімен бірге ұстанып келе жатқан, діни негіздерге қарсы келмейтін келіннің сәлем салуы, жеті-нәзір беру, әруақтарға Құран бағыштау, т.б салт-дәстүрлерін ширк пен бидғат деп есептеп, жастарды одан аулақ болуға үндейді. Бұндай жастардан мемлекет пен ұлттың болашағын ойлап, жұмыс істеуі мүмкін емес екені шындық.

Бүгінгі жастар ішіндегі домбыра шертуді харамға шығару, теледидар көрмеуге, газет пен журналдар оқымауға үндеу, дүниеауи білім алудан қайтару, қыз-келіншектерді тек қара жамылғымен жүруге мәжбүрлеу сынды жанға жара салатын әрекеттер, экстремистік-террористік ағымдардың жастарды ғасырлар сынынан сүрінбей өткен ұлт мәдениетіне қарсы қойып өзінің ығына қарай «ыңғайлап» тәрбие жүргізіп жатқанының айғағы. Жат ағымдар салған мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, біздің қоғамда өз халқының, өмір сүріп отырған мемлекеттің сан ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетін менсінбейтін, туған халқының мәдени құндылықтарын бағалай білмейтін ұрпақ пайда болады деген сөз.

Соңғы кездері, жат діни ағымдардың жетегінде «дін ұстанып» жүрген жастар арасында неке мәселесіне жауапкерсіздікпен қарайтын жайттер жұрт назарын аударуда. Уахабтық бағыттағы, тәкпіршілік жолдағы жастар арасында бұндай мәселелер өте жиі ұшырасып отырғаны шындық. Мешіттерге келіп өз мұңын шағатын жас аналардың көбейіп бара жатуы бұл үрдістің де назар аударарлық деңгейге жеткенін дәлелдейді. Оп-оңай талақ бере салу, неке қиылып, бір апта, бір айдан кейін «талақсың» деп кетіп қалу, талақтан кейін өзімен бір жолдағы адамдарға «ұсыну» сынды адам естуге дәтің бармайтын әрекеттер жастардың неке мәселесі мен отбасы институтына деген жауапкершілігін төмендетіп отыр. Бұл мәселе БАҚ беттерінде жеріне жете жазылып келеді. Демек, жастар арасында мұндай ұстанымның белең алуы болашақ елімізге жалғыз басты аналар мен тастанды бала, асыраусыз қалған отбасылардың көбеюіне әкеп соғары сөзсіз. Ондай болғанда мемлекетіміздің шешуге тиіс әлеуметтік мәселесі тіптен көбеймек.

Қандай ағым болмасын, жастар санасына жазылмайтын дерт пен отансүйгіштік, мемлекетшілдік санаға кереғар идеялогияның дәнін егетіні ақиқат. Ол өз кезегінде мемлекеттегі орнықсыздықтардың тууына және діни алауыздықтардың өршуіне әкес соғатыны сөзсіз. Себебі, жастар қоғамдағы ең белсенді, ең қызуқанды топ. Сондықтан, мемлекет, қоғам және отбасы болып жастарымызды жат ағымның жетегіне кетуден сақтауымыз керек.

Мамлюк МҰСАЕВ,

«Сәдуақас қажы Ғылмани»

мешітінің наиб имамы

Бөлісу: