Тарихқа шолу жасасақ кезінде хазіретті Әли (р.ғ.)-мен соғысқан хауариждердің көпшілігі Нәжд халқынан құралған. Хауариждер – бүгінгі таңдағы уаһабилердің аталары болып табылады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында шайтан кейбір сахабаларға көрінген және әрдайым Нәжд жақтан келген бір шал кейпінде болған. Одан кейінгі кезеңдерде бұл аймақтан жалған пайғамбар Мусәйләмәтул Кәззәб шықты. Мусәйләмә өзіне ергендермен бірге мұсылман әскеріне қарсы соғысқан. Демек, жалпы тарихта Нәжд халқы әһли сүннет жамағатына қарсы шығуымен танымал.
Ибн Омар (р.ғ.)-дан жеткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.):
اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي شَأْمِنَا وفِي يَمَنِنَا . قَالُوا : وَفِي نَجْدِنَا ؟ قَالَ : اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي شَأْمِنَا وفِي يَمَنِنَا . قَالُوا : وَفِي نَجْدِنَا ؟ قَالَ : هُنَاكَ الزَّلاَزِلُ وَالْفِتَنُ ، وَبِهَا يَطْلُعُ قَرْنُ الشَّيْطَانِ
«Уа, Аллаһым! Шам елі мен Йемен елінде біздерге берекетіңді жаудыр!»,- деді. Сонда біреулер: «Нәжд өлкесіне де»,-деді. (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұғасын қайтадан) айтып: «Уа, Аллаһым! Шам елі мен Йемен елінде біздерге берекетіңді жаудыр!»,- деді. (Тағыда солар): «Нәжд өлкесіне де»,-деді.Сонда (Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ол жоқта сілкіністер мен бүліктер бар, және шайтанның мүйізі сол жерден шығады»,-деп айтты.
Уаһабилік ағымның негізін қалаушы Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.) араб түбегінің орталығында орналасқан Нәжд жерінде дүниеге келген.
Оның ата-бабасы ханбали мәзһабын ұстанған. Әкесі, атасы мен бауыры қазылық қызметті атқарған. Ол алғашқы сауатын Уяйна қазысы болған өз әкесінен ашады. Ілім іздеу барысында Ибн Таймияның пәтуаларымен танысып, дінге қатысты пікірлерін басшылыққа алып, жаңғыртуға көшеді. Біраз уақыт Шам қаласындағы ханбали ғалымдарынан дәріс алады. Шамнан Нәждке оралған соң ауыл тұрғындарына арнап діни кітапша жазуға кіріседі.1740 жылы әкесі қайтыс болған соң туған жері Уяйнаға оралып, сонда насихат жұмыстарын жүргізді.
Өзінің қауымынан көрген кейбір әрекеттердің ширк әрі бидғат екендігін алға тарту арқылы олармен талас-тартысқа түсе бастады. Өз көзқарастарын жақтаушыларды іздестірді.
Бұл көзқарас сол жердегі саяси биліктің ресми ұстанымына айналды. Аталған ұстаным тез арада араб түбегіне жайылып аз уақыттың ішінде көптеген жерді басып алынып, бүкіл Нәжд халқына осы көзқарас арқылыүкім жүргізіле басталды. Алайда, осы кезеңде бұл жердің барлығы Осман мемлекетінің қарамағында болатын. Дәл осы кезде Осман мемлекеті орыстар мен және парсылармен шайқасып жатуыәрі бұл жердің орталық биліктен шалғайда орналасуы, Осман империясының әлсіреп, уаһабилік ағымның күшеюіне оңтайлы жағдай тудырды. Мұны пайдаланған уаһабилер парсы шығанағы төңірегінде билік құрды.Осылайша, 1744 жылы уаһабилік ағымның іргесі қаланады.
Абдул Уаһһаб Осман империясын жалғастырушы Сәлим патшаның тұсында мұсылмандардың арасында өзінің идиялогиясын кеңінен таратып, халықтың санасын сан-саққа салып төнкеріс жасағаны тарихтан белгілі. Ол – діни сауаты таяз, түсінігі саяз адамдардың санасын улап; «халық «ширк» пен «бидғат» жасап жатыр, сондықтан да оларға «таухидті» жеткізу керек» деп ұрандатып, соғысқа қан төгіске итермеледі. Сол кездегі, қазылар мен ғалымдар Абдул Уаһһабтың ел ішінде таратып жүрген бағытының қате адасушылық екендігін ескерткеннен кейін ол бірненше мәрте зынданға тасталды. Тіпті, қасиетті Мекке мен Мадинаны, Тайф т.б шаһарларды басып алып, мұсылман әскері мен Абдул Уаһһабтың жақтастарының арасында жойқын қан төгіс орын алады. Соңында Осман империясының әскерлері оларды ойсырата жеңіп, қатты жазалады.Сол кездері Мекке мен Мәдинаның мүфти ғалымдары Осман империясының патшасына «уаһаби» ағымынан тазартқандығы үшін алғыс хаттарын жолдаған екен. Бұл оқиғалардың барлығы Ислам тарихы беттерінде айғақ-құжаттармен анық жазылған.
Кезінде Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың бұл істерін құптамаған әкесі мен туған бауыры бірнеше рет ескерту жасаған. Сонымен қатар, туған бауыры шейх Суләйман ибн Абдулуаһһаб оған қарсы «Әс-сауағъиқул иләһия фи әр-родди аъләл уаһабия» атты арнайы кітап жазып, уаһабилік ағымнан мұсылман халқын сақтандырды.
Сондай-ақ, қасиетті Меккенің мүфтиі, шафиғи мазабының атақты ғалымы, фақиһ әрі тарихшы Ахмад Дахлан (һ.1231-1304 ж.) өзінің «фитнәтул уаһабия» (уаһабилер бүлігі) атты кітабында былай дейді:
«Уаһабилер фитнасына келер болсақ, сұлтан үшінші Сәлимнің (һ.1204-1222 ж.) тұсында көптеген бүліктер орын алды. Соның бірі араб түбегіндегі уаһабилер бүлігі. Олар екі қасиетті қала Мекке мен Мәдинаны басып алып, Шам елі және Мысыр елінен қажылыққа келген жандардың жолдарын тосып, бөгет жасады. Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб жаңаданөзі ойлап тапқан мазһабын (ұстанымын) құрудағы мақсаты – адамдардың таухидке деген ықыласын ойятып, ширктен алшақтату деп ақталды. Оның ойынша өзіне дейін алты жүз жылдан бері ғұмыр кешкен адамдардың барлығы ширкте болып, сөйтіп ол адамдарға дінін жаңғыртып беріп-ті. Ол мүшріктерге түскен:
وَمَنْ أَضَلُّ مِمَّن يَدْعُو مِن دُونِ اللَّهِ مَن لَّا يَسْتَجِيبُ لَهُ إِلَىٰ يَوْمِ الْقِيَامَةِ وَهُمْ عَن دُعَائِهِمْ غَافِلُونَ
«Алладан өзге қияметке дейін өзіне жауап бере алмайтын біреуге табынғаннан кім залымырақ? Әрине табынғандары олардың жалбаруларынан хабарсыз». (Ахқоф сүресі, 5 аят).
وَلَا تَدْعُ مِن دُونِ اللَّهِ مَا لَا يَنفَعُكَ وَلَا يَضُرُّكَ
«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба». (Юнус сүресі, 106 аят). Осы тәрізді көптеген Құран аяттарын таухид иелеріне қолданды».
1802 жылдың 18-ші ақпанында уаһабилер Тайфты басып алды.Белгілі тарихшы Ахмад Жәудат Паша уаһабилердің Тайыфқа басып кіргендегі жасаған істерін төмендегідей суреттеп, баяндаған:
«Уаһабилер Тайыфқа басып кіргенде, алдынан шыққанның барлығын қиратумен болды. Кітаптарды көшеге оңды-солды лақтырды. Бухари мен Мүслимнің «Сахихайны» және басқа да хадистер жинағы, төрт мазһабта жазылған фиқһ кітаптары, әдебиетке, өнерге қатысты мыңдаған кітап аяқ астында шашылып жатты. Тіпті арасында Құран кітабы да болды.... Бұл біршама уақыт жалғасты. Соғыстан түскен олжаның бестен бірін әміршілеріне, ал қалған бөлігін жабайылар өзара бөлісті».
Уаһабилік тарихта «харижиттік» әрекет ретінде де танымал болған. Өйткені олардың әрекеттеріндегі қатыгездік, өз ұстанымдарына қосылмағандарды кәпір деп айыптау әркеттері харижит ақидасының (сенімінің) көшірмесі іспетті. Ибн Тәймияның жолы мен ханбали мәзһабын ұстанатындарын айтқанымен, ханбали мәзһабына қайшы келетін тұстары жетерлік.
Мысырлық ғалым имам Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Исламдағы мазһаптар тарихы» атты еңбегінде:
«Жалпы алғанда, уаһабиліктің негізін қалаған Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб ибн Тәймияның көзқарастары мен пікірлерін оқып, соны іс-жүзінде асырған. Негізінде уаһабилер ибн Тәймияның пікірлеріне жаңа еш нәрсе қоспады. Бірақ қаттылықта тіптен асыңқырап кетті және ибн Тәймияның еңбектерінен ол меңземеген басқа мағыналар шығарып алды. Уаһабилер алғашында кофені және соған ұқсас заттардың өзін харамға жатқызған. Алайда кейіннен бұл пікірлерінен қайтты.
Олар өз көзқарастарын насихаттаужолында құрғақ дағуатпен шектелген жоқ. Өздеріне қарсы келгеннің барлығымен соғыса бастады. Бұл істерін «біз бидғатпен күресіп жатырмыз, әмру мағъруф нәһи аънил мункәр» деп түсіндірді. Осы әрекеттерімен өздерін тарихтағы харижилердің жаңа нұсқасы екендігін көрсетті.
Уаһабилер «раудатул мутаһһара»-ға перде тағуды да бидғатқа жатқызды, бұрыннан бері тұрған перделердің жаңартылуына да рұқсат бермеді. Сөйтіп, ақыры ол перделер әбден ескіріп, тоз-тозы шықты. Олар бұл мәселеде тіптен шектен шықты. «Ардақты пайғамбарымыз» деген сөздің өзін олар ұнатпады. Дағуаттарын қаттылықпен, дөрекілікпен жүргізді. Сондықтан да елдің көбі олардан аулақ жүретін болды».
Ислам ойшылы ғалым Ахмад Әмин «зуғъамәул исләх фи аъсрил хдис» атты еңбегінде:
«Мұсылмандардың уаһабилік ағымдағыларды жақсы көрмеуінің бірден бір себебі мынау: олар басып алған елдерге өз пікірлерін күштеп қабылдатты. Айтқан уағызымызды жұрт көзсіз қабылдауы керек деп есептеді. Меккеге басып кіргенде, біршама мазарларды қиратты. Хазіретті Хадиша анамыздың (р.һа) мазарын, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкір (р.ғ.)-дің туылған үйлерін – алғашқы ретте қиратты. Ал Мәдинаға барғанда, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қабірінің маңындағы сәндік заттарды алып тастады. Олардың бұл әрекеттері бүкіл мұсылман жұртының реніші мен наразылығын тудырды».
Діни ұстанымдары:
Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың сенімі мен көзқарасын жазған еңбектерінен байқауға болады. Ол бірнеше кітап жазған. Солардың ішінен ең танымалы «Китабут-таухид» (Таухид кітабы), «Кәшфуш-шубуһат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы). Міне осы еңбектерінде таухид, ширк, бидғат мәселелеріне кеңінен тоқталады. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Кәшфуш-шубуһат» атты кітабының 158-бетінде:
لا خِلافَ أَنَّ التَّوْحِيدَ لابُدَّ أَنْ يَكُونَ بِالقَلْبِ وَاللِّسَانِ وَالعَمَلِ، فَإِن اخْتَلَّ شَيْءٌ مِنْ هَذَا لَمْ يَكُنِ الرَّجُلُ مُسْلِما.فَإِنْ عَرَفَ التَّوْحِيدَ وَلَمْ يَعْمَلْ بِهِ فَهُوَ كَافِرٌ مُعَانِدٌ كَفِرْعَوْنَ وَإِبْلِيسَ وَأَمْثَالِهِمَا.
«Таухид (иман) жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады», – деп амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деп кесіп айтады.
Бұл ағы өздерін ханбали мәзһабын ұстанамыз дегенімен, толықтай Ахмад ибн Ханбалдың ақидасымен (сенімімен) жүрмейді. Ғалым Мухаммед Әбу Заһра «Мәзһабтар тарихы» (Тарихул мәзаһиб) атты еңбегінде Ахмад ибн Ханбалдың иман жайындағы көзқарасын былай деп келтіреді: «Иман – жүрекпен сену, сенімін тілімен айту және амал етуден тұрады. Егер адам жүрегімен сеніп, тілімен сенгенін айтса, Аллаға серік қоспаса, Құран мен сүннетте бұйрылған әмірлерді терістемесе, бірақ жалқаулықпен амал етпесе діннен шықпайды. Алла қаласа ол пендесін жазалайды, қаласа кешіреді».
Уаһаби ағымының жаңа атауы:
Мысырлық ғалымшейх Али Жұмғъа былай дейді:
«Тіпті, уақыт өте келе уаһабия сөзінің орнына сәләфия сөзі қолданыла басталды. Мұндағы мақсат – уаһабилік ағымның пікірлері тек Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтан емес, сәләф-солихтардан (исламның алғашқы толқынында ғұмыр кешкен ізгілерден) бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сәләф-солихтар ақидасын ұстанып, солардың жолын жалғастыру» деп сендіру болатын.
Сөйтіп, сәләфия сөзі – өздерін «ақиқат жолындамыз, сәләф солихиндер ақидасын сақтаушымыз, солардың ұстанған жолдарын таратушымыз» деп, өздерін қалған мұсылмандардан жоғары санайтын уаһабилік ағым өкілдерінің лақабына айналды».
Негізі, «сәләфия» ағымы – уаһабилік ағымның жаңаша бір есімі.
Уаһабия ағымының белгілері
1) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамауы. Бұл тек біздің елдегі уаһабилік идеологияны қолдаушылармен шектелмейді. Кез келген мұсылман елінде осы идеологияны жақтаушылар ресми болып табылатын діни басқарманы мойындамай, үнемі оған теріс әрекет етеді;
2) Тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын, «мүшрик», ең жұмсақ айтқанда «бидғатшы» және «адасқан» деп санауы;
3) Ұлттық құндылықтарға және әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге қарсы келуі. Шариғатымызда бұл құндылықтардың орны ерекше екендігі баршамызға мәлім;
4) Сүнниттік бағыттағы төрт мәзһабты мойындамау.
Кез келген жат ағым идеологиясы – экстремизмнің алғы шарты, бастау көзі. Экстремизм ұшқын секілді, кішкентай болып басталады, бірте-бірте ұлғаяды. Жалынның да осындай кішкентай ұшқыннан басталатыны белгілі.
Сондай-ақ, елдің ел, ұлттың ұлт болып қалыптасуының негізгі 5 факторы болады. Олар: тілі, дәстүрлі діні, ділі (менталитеті), әдет-ғұрпы, ата-мекені, яғни отаны. Ал, бұл ағым жоғарыдағы бес фактордың бесеуіне де қарама-қайшы әрекет етеді. Демек, қандай да бір ағым халқымыздың қалыпты наным-сенімі мен дәстүрлі Исламдағы бағытына қарама-қайшы бағытта болса, ол оның терістігін көрсетеді емес пе? Осыдан кейін-ақ «уаһаби» ағымының дұрыс-бұрыстығына өздеріңіз баға беріңіз!
Нұрлан Рамазанов
«Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы
Пайдаланған әдебиттер:
- Ахмад Дахлан (һ.1231-1304 ж.) «фитнәтул уаһабия»
- Мұхаммад Әбу Заһра «Исламдағы мазһаптар тарихы»
- Шейх Али Жұмғъа «әл-муташаддидун»
- Уаһһаби ағымының тарихнамасы http://fatua.kz/kz/post/view?id=759
- «Харижилік өткені мен бүгіні» Нұрбол Қалдыбеков