Бүгінгі күннің маңызды мәселесінің бірі – мұсылмандардың ауызбірлігі.
Алла Тағала адамзатқа тура жол көрсету үшін жер бетіне елшілерін ауық-ауық жіберіп отырған. Сондағы елшілердің атқаратын ең басты міндеті – адамзатты құлшылыққа үндеу. Ал осы үндеудің басты мақсаты – ауызбірлік болды. Яғни, барша адам жалғыз Тәңірге табынуы тиіс еді.
Хақ Тағала мұсылмандарға біртұтас үммет болуын бұйырып «Әли Имран» сүресінің 103-ші аятында былай деген: «Барлығың Хақ Тағаланың жібін ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер»-деп, мұсылмандардың топ-топқа бөлінуіне тыйым салды.
«Егер Алла Тағала осылай бұйырса әрі бұйрығы анық болса, онда не себептен түрлі қате әрі теріс ағымдар пайда болады?»-деген сұрақ туындайды.
Мәселе аят-хадисті қате түсінуде.
Дініміз бізге біртұтас болып өзара бөлінуімізге тыйым салған.
Енді осы аятта айтылғанды жіктеп қарар болсақ, Абдулла ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу): «Алла Тағаланың жібі – жамағат»,-деген. Дәл осы сөзді Ибн Мубәрак та айтқан.
Біз – мұсылман жамағатымыз. Ал жамағат болу – үлкен нығмет. Біртұтас жамағат болу ұлық нығмет екені мына аяттан-ақ көрініп тұр: «Алла тағала сені өз жәрдемімен және мүміндер арқылы қолдады. Және Ол мүміндердің жүректерін біріктірді. Егер сен жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла Тағала олардың араларын біріктірді». (Әнфәл, 62-63 аят)
Тіпті Алла Тағаланың елшісі, пайғамбар жамағатқа мұқтаж болса, біз тәрізді қарапайын пенделер жайында не айтса болады? Сондықтан да Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) мына сөзі қаперімізден шықпағаны жөн: «Жамағат – рахмет, бөлінушілік – азап».
Яғни, жамағатпен болу Алла Тағаланың рахметіне лайық етсе, бөлінушілік Хақ Тағаланың азабына дұшар етеді.
Расында да, Тәңіріміз, Кітабымыз, пайғамбарымыз бен шариғатымыз бір болса, біз неге өзара бөлінуіміз керек?!
Мұсылмандардың ауызбірлігі турасында айтылған аят пен хадис баршылық. Мәселен, имам Табарани Әбу Дардадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Абыройлы болуды қалсаңдар – өзара сәлемдесіңдер»-деген.
Сәлемдесу – мұсылмандықтын нышаны. Осы қарапайым сәлемдесудің себебінен-ақ мұсылмандардың арасында өзара сүйіспеншілік туындайтыны хақ. Ал өзара сүйіспеншілігі бар қауым қашан да біртұтас болары сөзсіз. Сондықтан да «біз – мұсылманбыз, бір үмметпіз» деп өзара сәлемдесейік. Осының өзі біз іс жүзінде біртұтас мұсылман жамағаты болып кетуімізге септігін тигізіп жатса ғажап емес.
Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады: «Ақиқатында Алла Тағаланың қолдауы жамағатқа нәсіп және ақиқатында шайтан жамағаттан бөлектенгенмен бірге айлақ қашады». (Насаи)
Расында Алла Тағала мұсылмандарды бір шариғат арқылы біріктірді. Осы себептен Ол: «Расында, мүминдер өзара бауыр ғой»-деді. Осы себептен қандай бір жолмен болмасын мұсылмандарды топ-топқа бөліп, араға жік салғандар Хақ Тағаланың «жамағат болыңдар» деген әміріне қарсы келген болып, шайтанға ереді.
Жамағат – мұсылман үмметіне тән болған діни рәміз. Осы жайында Алла Тағала айтады: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тосады». (Тәубе, 71 аят)
Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Өзара сүйiспеншiлiк пен мейiрiмдiлiкте және есiркеуде мұсылмандар бiр дене тәрiздi. Дененiң бiр мүшесi ауырса, оған басқа мүшелерi ұйқысыздық және қызумен жауап бередi». (Бухари, Муслим)
Алла Тағаланың дидарына лайық болып жәннатқа кіру – біздің асыл мақсатымыз. Осы мақсатқа қол жеткізудің бірден-бір жолы – жамағат болу. Осы айтылғанға Нәбидің (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) мына сөзі дәлел: «Жәннаттың ортаңғы әрі ең абзал орынын иеленгісі келеген пенде жамағатпен болсын». (Тирмизи)
Асыл шариғатымызда: «Заман өзгерумен үкім де өзгереді»-деген қағида бар. Сондықтан да Ислам бағзы біреулер ойлағандай қатып қалған, догматикалық дін емес. Керісінше, Ислам заман талабына сай ғылым және техника жаңалықтарын дін талаптарына сәйкестендіретін дін.
Ислам тарихына үңілер болсақ өмірден өзінше ижтиһад ететін көптеген ғалымдар өткенін білеміз. Ілімдері дария бола тұрып дәл сол ғалымдар мұсылмандардан бөлектеніп өзгеше топ құрмады. Тек өзін «дұрыс жолдамын» деп өзгелерді «адасқан, кәпір, мушрик, бидғатшылар» демеді. Сол ғалымдардың әрбірі әһлүс-сунна уәл-жамаға қатарындағы мазһабтың бірін ұстанып, мұсылмандардың бір болуына барынша күш салды. Неге? Себебі, мұсылмандар бірлігі жеке тұлғаның қалауынан қашанда жоғары тұрады.
Бір күні Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) әйгілі сахабасы Жәбир ибн Абдулланың (родиял-лаһу ъанһу) таң намазын ұзақ етіп оқиды. Сонда жамағаттағы бір бақташы жамағаттан бөлектеніп, намазды жалғыз оқып мешіттен шығып кетеді. Бұл жайында білген Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) әлгі бақташыны шақыртып алып, болған жағдай жайында сұрағанда ол былай дейді: «Уа Расулуллаһ! Мадинада жыртқыш көп. Ал мен мал үшін жауаптымын. Имам намазды тым ұзақ оқу себебінен өзім қысқартып оқыдым». Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Жәбирді (родиял-лаһу ъанһу) шақырып алып: «Уа Жәбир! Сен фитнашысың ба, фитнашысың ба?»-деді.
Екінші әділ халифа Омардың (родиял-лаһу ъанһу) халифалық дәуірі тарихта «заману-сағада» (бақыт дәуірі) деп аталады. Неге? Себебі, ол кезде мұсылмандар біртұтас үммет еді.
Негізі мұсылман қауымының ішінде фитна Османның (родиял-лаһу ъанһу) халифалық дәуірінде басталды. Ол кезде Абдулла ибн Саба есімді яһуди мұсылмандардың арасынан бүлік шығарып, бүліктің соңы Османның (родиял-лаһу ъанһу) жан тапсыруына алып барған еді.
Хазреті Әлидің (родиял-лаһу ъанһу) кезінде хауариждер пайда болды. Һижри 37-ші жылы Сириядағы Сыффин атты елдімекеннің жанындағы шайқаста мұсылмандардан 12 мың әскер бөлініп шықты. Міне, осы жағдай хауариждер тарихының бастамасы болды.
Осман және Әлидің (родиял-лаһу ъанһума) кезіндегі фитнаға қатысқандардың негізгі бөлігі – білімсіз не болмаса жалған саясатқа алданғандар еді. Сол фитналарда қаншама күнәсіз жан қиылып, қанша ма қан төшілді? Мұсылмандар арасында жік пайда болудың нәтижесі неге алып барарын осыдан-ақ байқаса болады, құрметті жамағат! Сондықтан да мұсылмандардың ауызбірлігі – үммет үшін ауадай қажет!
Әл-Ғани мешітінің бас имамы
Абдукаримов Бағдат Ахмедалиұлы.