«Отанды сүю – иманнан», - деген кең тараған мағынасы терең, қанатты сөз бар.
Өйткені, иманды адам өз отанын сыйлап, қастерлей алады. «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың»,- дейді дана халқымыз.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев отанға деген ыстық ықыласын төмендегідей жырлайды:
Отан! Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайдыда, сорлайды.....
Құран Кәрімде отанды сүю жайлы:
Құран Кәрімде:
وَلَوْ أَنَّا كَتَبْنَا عَلَيْهِمْ أَنِ اقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ أَوِ اخْرُجُوا مِن دِيَارِكُم
«Ал оларға: «Өздеріңді өлтіріңдер, немесе отандарыңнан шығыңдар!»,- деп әмір еткен болсақ...», -делінген. (Ниса сүресі, 66 аят).
Фахруддин Рази (р.х.) осы аятты тәпсірлей келе: «Отаннан айрылу – өзін-өзі өлтірумен тең»,- деген.
Бейнебір Алла Тағала: «Егер мен оларға ең ауыр екі жазаның бірін әмір етсем, олар оны орындамас еді. ол екеуі: өзін өлтіру мен отанын тастау. өзін өлтіру әлбетте қиын шаруа. Ал отанды тастау болса онымен пара-пар дәрежеде».
Ғалымдар айтқанындай отанды тастау өте ауыр әрі қиын нәрсе. Ол өзін-өзі өлтіргенмен тең. Себебі отанға деген махаббат пен онымен тығыз болған байланыс адамның жан дүниесінің ең түпкір тұстарымен ұштасып жатады. Сондықтанда оны ешкім суырып тастай алмайды.
Мулла Қари (р.х.) «Мирқатул-мафатих» кітабында: «Жақсы көрген отаныңнан ажырау ең ауыр қиындықтардан», - деді. Сосын осы сөзін Алла Тағаланың:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«...Фитна (бұзақылық) – кісі өлтіруден ауыр», - деген аятты тәпсірлеп: «Мұндағы «фитна» отаннан қуылу дген мағынада. Себебі бұл аяттың алдында:
وَأَخْرِجُوهُم مِّنْ حَيْثُ أَخْرَجُوكُمْ
«Өздері, сендерді (Меккеден) шығарғандай оларды шығарыңдар...», - деп келген». (Бақара сүресі, 191 аят).
Сонымен қатар, хижраның артықшылығы туралы айтылған аяттардың барлығының асылы осыған қайтады. Себебі хижра жасау дегеніміз – сүйікті отаннан ажырау, алыстау, осы айырылысуға сабыр сақтап оған төзе білу.
Көне араб шайырлардың бірі осыны өлең шумақтарына тізіп былай деген:
Үш нәрсеге сабыр сақтау қиын-ақ,
Естінің де есі кетер ол замат:
Жарың кетсе бақи боп,
Жолдасың кетсе ғайып боп,
Отаннан кетсең келмес боп...
Алла елшісінің (с.ғ.с.) өз отанын сүюі:
Отанды сүю мәселесіндегі мұсылмандардың бастапқы ұстазы – Расулулла (с.ғ.с.) екені мәлім.
Әнас ибн Мәлик (р.ғ.) айтады:
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَدِمَ مِنْ سَفَرٍ فَأَبْصَرَ دَرَجَاتِ الْمَدِينَةِ أَوْضَعَ نَاقَتَهُ وَإِنْ كَانَتْ دَابَّةً حَرَّكَهَا
«Расулулла (с.ғ.с.) сапардан қайтып келе жатып Мадинаның төбелері көрінген кезде түйенің жүрісін тездететін». (Хадисті имам Бұхари риуаят етті).
Осы себепті де Ибн Хажар (р.х.) «Фатхул-Бари» кітабында осы хадис жайлы: «Бұл хадистен Мадинаның артықшылығын, отанға деген сүйіспеншіліктің болуы керектіген, отанға деген сүйіспеншілік шариғаттың талабы екенін көруге болады», - деген. Дәл осы мағынаны Бәдр Айнидің (р.х.) «Ъумдатул-қари» кітабынан да табай аламыз.
Құранды жақсы көрем, пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін үлгі тұтам деген әрбір мұсылман баласы үшін бұл хадисте үлкен бір сабақ бар.
Кез-келген кісінің өз мемлекетін жақсы көріп бағалай білуде исламның атқарар рөлі ерекше. Себебі, туып өскен өлкеңді қадірлеп бағалай білу – ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің сара жолы. Алла елшісі (с.ғ.с.) туып өскен елін өте қатты жақсы көретін.
Имам Бұхари мен Мүслим жеткізген хадисте; Пайғамбарымыз (с.ғ.с): дұғасында:
اللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوْ أَشَدَّ
«Аллаһым бізге Меккені сүйдіргендей немесе оданда артығырақ Мәдинаны жақсы көруімізді нәсіп ете гөр!» деп дұға жасайтын. Демек, бұл хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің кіндік қаны тамған отаны Меккені жақсы көргендігі және қоныс аударған екінші отаны Мәдинанға деген махаббатты арттыруын Жаратқаннан жалбарынып тілегені анық айтылып тұр.
Һижри жыл санағының сегізінші жылында мұсылмандар Меккені иеленді. Сол кезде ансарлар, яғни Мадиналық мұсылмандар Расулулла (с.ғ.с.) енді қайта Меккеге қайтып, соны мекендей ме деген ойға кетті. Алайда Расулулла (с.ғ.с.) Мадинада тұрақтайтынын айтып олардың көңілін жұбатты. Дегенмен, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туып өскен, кіндік қаны тамған қасиетті қаланы қашанда сағынып тұратын. Бұған мына хадис дәлел: Сахаба Асыл әл-Һузали (р.ғ.) Мекке шаһарынан келген сәтінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан туған отаны Мекке жайында сұрайды. Сол кезде оның сөзін тыңдап тұрған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеге деген сағынышынан көзінен жас тамады. Сол сәтте көзіне жас алған Расулулла (с.ғ.с.):
وَيْهًا يَا أَصِيلُ، دَعِ الْقُلُوبَ تُقِرُّ قَرَارَهُ
«Уа Асыл! Тұра тұршы! Жүрегімді толқытып жібердің ғой!» - деп Асылды тоқтатады.
Ғұлама әл-Хафиз әз-Зәһәби (р.х.)«Сияр аълам нубала» атты кітабында пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның жақсы көргендерін тізбектеп: «Алланың елшісі (с.ғ.с) Айша (р.һа) мен оның әкесін және Усәмәны, екі немересін, халуа мен балды, ухуд тауы мен оз отанын жақсы көретін еді.Әрбір мұсылман да осыларды жақсы көруі керек»,- деді».
Сапарда жүрген кісіге не себепті жеңілдіктер берілген?
Сапарда жүрген адамдарға кей нәрселерде жеңілдіктер көрсетілген. Ғұламалар бұл жеңілдіктердің себебі – сапарда жүрген адам туған өлкесінен ұзақта қалғандығы үшін деп есептеген. Кей ғалымдар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
«Мына үш адамның дұғасы қабыл болады: әкенің баласына жасаған дұғасы, сапардағы адамның дұғасы, жәбір көрген адамның жәбірлеушіге жасаған қарсы дұғасы», - деген хадисін былай ашықтаған: «Сапардағы адамның дұғасының қабыл болуы – ол өз отбасы мен отанынан ажырап, осы алыстықтан шеккен қайғысы үшін», - деген.
Имам Мәнауи (р.х.) «Фәтхул-Қадир» кітабында осы хадисті: «Себебі сапар – отаннан ұзақ қалу, ол адамның жүрегін сыздатып, оны қайғыртады. Ал жүректің қайғыға бұлығып, қиындық шегуі дұғаның қабыл болуының ең үлкен себептерінен», - деп түсіндірген.
«Хаққул мубин фи ар-родди аъла мән тәләғъабә би ад-дин» кітабында Азһарлық ғалым Усама ас-Сайд Махмуд былай дейді: «Алла Тағала барша тіршілік иесін фытри, таза болмыста жаратқан. Мысалға хайуандар әлеміне көз жүгіртсеңіз: төрт түлік өз қорасына, құстар ұясына, жабайы жануарлар өздерінің мекен ететін таулары мен даласына, керек болса құмырсқа да өз илеуіне асығатынын, оны іздеп, тілеп тұратынын көре аласыз. Адамның да жаратылысы осындай. Ол да отанынан алыс қалса жүрегі отаным деп соғып тұрады. Дәл осы себепті Абу Фараж ибн Жаузи (р.х.) «Отан қашан да сүйікті»,- дейтін болған. Жануар екеш жануардың өзі мекенін барынша қорғаштап, ол үшін жанын беріп жатса, онда ақыл иесі адам туралы не деуге болады?! Адамгершілігін жоғалтпаған иманды пенде –отанына барынша опалы болуға, оны жақсы көруге, оның көркейіп-дамуы үшін бар күшін сарп етуге міндетті».
Фақиһ және тақуа ғалымдар отанды сүюге байланысты не деген?
Фақиһ ғұламалар да отанды сүйіп, оны құрметтеуге шақырады. Олардың айтуынша қажылық ғибадатының хикметі, оның сауабының мол болуының бірден-бір себебі – адамды отанынан алысқа шығарып, отанның қадірін білсін, өзін-өзі тәрбиелесін дегені дейді.
Имам Қарафи (р.х.) «Захира» атты кітабында: «Қажылықтың пайдасы – отаннан ұзақта қалып өзін-өзі тәрбиелеу», - деп түсіндірген.
Ал Ибрахим ибн Адһам (р.х.) сынды үлкен әулие кісі отаннан ұзақ қалудың қаншалықты ауыр нәрсе екенін баяндап: «Дәл отаннан ажырағанымдай жүрегіме екінші бір нәрсе қатты батпады», - деген жүрекжарды сөзін айтқан.
Сол сияқты көпті көрген даналардың бірі: «Егер кімде-кімнің қандай адам екенін білгің келсе: отанына деген сүйіспеншілігіне, бауырына деген сағынышына, уақытының бос өткеніне қайғырғанына қара!»,-деген екен.
Имам әл-Ғазали (р.х.):
"وَالْبَشَرُ يَأْلَفُونَ أَرْضَهُمْ عَلَى مَا بِهَا، وَلَوْ كَانَتْ قَفْرًا مُسْتَوْحَشًا، وَحُبُّ الْوَطَنِ غَرِيزَةٌ مَتَأَصِّلَةٌ فِي النُّفُوسِ، تَجْعَلُ الْإِنْسَانَ يَسْتَرِيحُ إِلَى الْبَقَاءِ فِيهِ، وَيَحِنُّ إِلَيْهِ إِذَا غَابَ عَنْهُ، وَيُدَافِعُ عَنْهُ إِذَا هُوجِمَ، وَيَغْضَبُ لَهُ إِذَا انْتَقَصَ".
«Адамзат өз жерін қандай болсада жақсы көрері сөзсіз. Тіпті, ол қуаң шөл дала болсада. Отанды сүйю әу бастан адам табиғатында бар дүние. Онда қалу арқылы адамның көңілі жай табады. Одан қашық кетсе оны сағынып, көңілі жабырқайды. Оған шабуыл жасаса оны жән-тәнімен қорғайды. Біреу оған тіл тигізсе намыстанып ашуланады»,-деп отанға деген сүйспеншілікке осылайша анықтама берген.
Мүһажир сахабалар неліктен ерекше артықшылыққа ие болды?
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында мұсылмандар Меккеден Мадинаға һижрат етті. Ал тарихтан біз сол муһажирлердің, яғни дін үшін Меккеден Мадинаға қоныс аударған мұсылмандардың ерекше сауапқа ие екенін білеміз. Осы жерде «неге?» деген сұрақ туындайды. Мұның жауабы, біріншіден: олар Алла Тағаланың әмірін орындады.
Екіншіден: қашанда өз елі мен кіндік қаны тамған жер адам баласы үшін ерекше қымбат. Дін үшін осындай қымбат нәрседен жырылып кеткен үшін муһажир сахабалар Алла Тағаланың ерекше разылығына лайық болды.Отандарымен қоштасар сәт келген кезде көздері жасқа толды.Мекке шахарынан қоныс аударған сахабалар өз елдерінен қашық кетіп көңілдері құлазығандықтан сырқаттанып қалғандары да кездескен.
Отанымыздың болашағы баянды болуы үшін бейбіт өмірдің қадірін түсіну маңызыды:
Бейбітшілік нығметі, кез-келген елге беріле бермейтін ұлық нығмет болғандықтан, шариғат тұрғысынан біздің шүкір етуіміз уәжіп болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا
«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң атырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»,-деген. (Имам Бұхари, Тирмизи риуаят етті).
Аллаға шүкір! Біздер бір емес, әр күнімізді амандықпен еш қауіп-қатерсіз аттырып жатырмыз.
Алла Тағала:
لَئِن شَكَرْتُمْ لأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ
«Егер шүкір етсеңдер (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты»,-деп ескертті. (Ибраһим сүресі, 7 аят).
Нұрлан Рамазанов
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы
[widgetkit id="4" name="фывс"]