ҚҰРМЕТТІ МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР!
Сіздер кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттап, тарыдай болып еніп, бүгінде, міне, таудай талаппен, кезекті бір кезеңге қадам басқалы отырсыздар. Ұлағатты ұстаздарыңыздың алақанында он бір жыл білім нәрімен сусындадыңыздар.
Ендігі таңда Сіздер он бір жыл бойы алған білімге сүйене отырып,қалаған жоғары оқу орындарына түспекке талаптанып, үлкен өмір жолына аттанғалы отырсыздар. Еліміз жас ұрпақтың бойынан білімділік пен отансүйгіштікті, адамгершілік пен кішіпейілділікті, әдептілік пен ізеттілікті, қайсарлық пен өткірлікті, ақыл мен көріктілікті көргісі келеді. Бұл аталған сипаттарды бойымызға сіңірмей адамдық та, азаматтық та өз кемеліне жетпейді. Сол үшін де дана ата-бабамыз: «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп, адам бойындағы асыл-қасиеттердің барлығы бала күннен қалыптасатынын айтқан.
Құран Кәрімде:
هل يستوي الذين يعلمون و الذين لا يعلمون
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бола алады ма?» - деген аят бар. Шын мәнінде, Ислам діні білім мен ғылымға айрықша көңіл бөлген. Алла тағала ардақты пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.) алғаш уахи еткен аяты да білім жайлы еді. Білім – діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылық атаулының бастауы. Сондықтан, ең әуелгі иләһи пәрмен де білім туралы болды.
Елбасымыздың: «Елiмiздiң ертеңгi тағдыры бiлiмдi жастардың қолында» деген сөзiнiң өзi сiздерге деген зор сенiмi. Мiне, сiздердiң осы жылдар iшiнде алған бiлiмдерiңiздi одан әрi шыңдап, таңдаған мамандық пен кәсіптің иесi болып, Отанымыздың өркендеуi мен көркеюi жолында үлес қосатын сынақты сәт те басталды. Ұстаз тілімен айтқанда: «Бір кемеден түсіп, екінші бір кемеге мінуге жол тарттыңыздар».
ҮМІТ ӨРГЕ ТАРТАДЫ
Құрметті бітіруші түлектер! Осы бір білімдеріңізді көрсетіп, болашақ бағыттарыңызды айқындар кезеңде бар мүмкіндіктеріңізді салып дайындалыңыздар, оқудан әсте жалықпаңыздар! Содан соң бір Аллаға тәуекел етіп, істеріңіздің оңға басуын сұрап, нәтижесін бір Аллаға тапсырыңыздар. Өйткені, әрекетіне қарай берекетін нәсіп ететін де аса қамқор, ерекше мейірімді бір Алла Тағала. Талмай-танбай білім жолында тер төксеңіздер сіздер алатын асу мен шығатын биіктеріңіз де мол болады.
Құрметті жас түлек, ҰБТ деген сіз бенен біздің бүгінгі жарқын өміріміздің соңғы сәті немесе ұлы бір сынақ емес. ҰБТ – жай ғана білім жолындағы бір баспалдақ. Бұл кезеңнен қандай жағдайда өтсеңіз де Сіз үшін бұл істе бір жақсылық барын ұмытпағайсыздар!
Абай атамыз: «шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық»,-деп қайғы-мұңға түсіп, шарасыз, әрекетсіз жырақта қалуды, антұрғандық, ақымақтық деп сипаттаған.
Құрметті жас түлек!Әр бір күніміздің әр минутын, әр сәтінқалт жібермей, неғұрлым мәуелі ағашты көбірек ексек, соншалықты жақсылыққа кенелеміз.
Құранда «Ағраф» сүресінің 144 аятында Алла тағала:
فَخُذْ مَا آتَيْتُكَ وَكُن مِّنَ الشَّاكِرِينَ
«...Саған бергендерімді ал да, шүкірлік етушілерден бол...» - деп, күніңді сары уайымға салынбай, ешкімге ешқандай ыза-кек сақтамай, құрдымға сүйреп, жарға жығар көреалмаушылық пен іштарлыққа бой алдырмай көңіл тоқтығымен өткізу туралы бұйырған.
ӘР ҚИЫНДЫҚТЫҢ СОҢЫ – ЖАҚСЫЛЫҚ
Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның арайлы шуағымен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, әр қиындықтың артынан жеңілдік келері хақ. Бұл – Алла Тағаланың жалпы жаратылысқа жазған заңы.
Бұл жайында қасиетті Құран аятында былай делінген:
فَإِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا
إِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا
«Олай болса, әр қиындықтың соңында бір жеңілдік келеді. Расында, әр қиындықтан кейін жеңілдік бар».
Аят пен хадиске терең бойлаған хәкімАбай атамыз «Қары көп қалың қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жаз келеді»,-деп тамаша ой айтқан.
Құрметті түлектер! Тәуелсіз елдің ерке ұландары!Үмітсіздік, мақсатсыздық, келешекке сенімсіздік секілді нашар сипаттарданалыс болайық! Түннен соң күннің атарына, қиыншылықтан кейін жеңілдік барына сенейік! Әркімнің өз тағдыры – өз қолында. Алла тағала алдағы науқан – ҰБТ-ға жеңілдік беріп, алға қойған мақсат-мұраттарыңызға жетулеріңізді нәсіп етсін! Жолың болсын, жас түлек!
Көк байрағы желбіреген Отанымыздың көгінен лайым Алла тағала көгершіндерін кетірмесін!
ҚМДБ-ның найб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы
Наурызбай қажы Тағанұлы.