Тыныштық – әрбір мемлекеттің баянды болашағы үшін аса маңызды фактор. Хақ дініміздегі «Ислам» сөзінің өзі бейбітшілік, Алланың заңдарына мойынсұну, бағыну дегенді білдіреді. Сол тыныштықтың қадірін білмеу кейбір елдердің тағдырына тікелей ықпал етіп, саяси, экономикалық және рухани күйреуіне, халқының тоз-тоз болып құлдырауына әкеліп соқтырып жатқанын білеміз. Ендеше, 130-дан астам этнос өкілдері тұратын елдегі тыныштықтың қадірін бағалап жүрміз бе?
Тура жолға бастар қасиеттің бірі – ұлттың иманын қайтсек арттырамыз? Шүкіршілік адам баласының нығметін үстейтінін білеміз бе? Осы тақырыптар жөнінде тәуелсіз еліміздің алғашқы хафиздерінің бірі «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар ӨСЕРХАНҰЛЫ әңгімелейді.
– Жұманазар Өсерханұлы, дәл қазіргі таңда әлемде соғыстан көз ашпаған елдер көп. Кезінде бірлігі бекем болған мемлекеттердің өзі күн санап құрдымға кетіп барады. Осы ретте елдің арасына іріткі салып, бүлікке шақыратындардың жазасы туралы асыл дініміз не дейді?
– Адамзат баласын сансыз нығметпен жаратқан Алла тағаланың жер бетіне жіберген алғашқы әрі ақырғы діні Ислам болса, «Ислам» сөзінің мағынасы, өзіңіз айтқандай, бейбітшілік, Алланың заңдарына мойынсұну, бағыну дегенді білдіреді. Демек, әрбір мұсылман бейбітсүйгіш, мойынұсынғыш, бағынғыш болуы керек. Дұрыс айтасыз, тыныштықтың қадірін білмеу бір елдің тағдырын ойрандап, әйелін жатқа күң етсе, еркек кіндіктісін құлдықтың қамытына байлайтынын өткеннің ащы тарихы дәлелдеген. Ханы тағында, елі бағында «айранын ұрттап, қойын құрттап» отырған бірлігі бекем халықтың тыныш өмір сүруін ойламаған бір бейбақтың кесірінен Отырардай қала күйреді емес пе?! Міне, осылайша мәңгіге бастар мәдениет құлдырады. Бір елдің емес, бір адамның тыныш өміріне араласып, өліміне себепкер болудың өте ауыр күнә екенін меңзеген Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Бүлік шығару кісі өлтіруден де ауыр күнә» («Бақара» сүресі, 191-аят), «Сендер тек залымдарға ғана кесірі тиіп қалмайтын бүліктен сақтаныңдар» («Әнфәл» сүресі, 25-аят), дейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с) «Ең бақытты адам – бүлік шыққанда, оған қосылмай аман қалған және Алланың сынауына шыдаған адам», депті хадисінде. Әйгілі ислам ғұламасы имам Ибн Хазм «Бүліктің гүлі ешқашан жеміс бермейді» деп өсиет айтып кеткен. Ал мәңгілік бітіспес жауымыз шайтан болса, бүлікті адамдарға жақсылықтың себепкері сияқты көрсетіп, аяғы сәтті болатынынан үміттендіреді екен. Бірақ, имам айтқандай, бүлік шығару «ешқашан өнімді жеміс бермейді». Бұған басталғанына неше жыл болған араб елдеріндегі «Араб көктемі» де дәлел болады. Күні бүгін сан миллион адам сол бүліктің құрбаны болып, үрей мен берекесіздікте өмір сүруде. Біз осы істен үлгі ала отырып, өз Отанымыздағы мамыражай бейбітшілік үшін сансыз шүкірлер айтуымыз керек. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресінің 107-аятында исламның «Бүкіл әлемге рақым етіп қана» жіберілгендігін айтады. Алла елшісі бейбітшілік пен тыныштық үшін, асыл дініміздің аса қуатты рухани мүмкіндіктерінің адамзат кәдесіне жарап, үмбетінің екі дүниеде де бақытты болуы үшін өмірінің соңына дейін Жаратушысына жалбарынып, дұға етіп кетті. Бүгінде Қазақстан – 130-дан астам этнос өкілдерінен тұратын 17 миллионға жуық халқы бар полиэтностық мемлекет. Көптеген ұлт пен ұлыс мекен еткен қазақ топырағында ұлтаралық келісімнің тұрақты болуы, ең алдымен, халқымыздың ұлттық ерекшелігінен деп ойлаймын. Елбасымыз еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, біздің көп ұлтты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен тыныштықты сақтау ісіне жіті көңіл бөліп келеді. Сондықтан, Мемлекет басшысының елдің бүгіні мен ертеңгі жарқын болашағы үшін жасап отырған бұл игі бастамасына әркез қолдау білдіру – әрбір қазақстандықтың міндеті.
– Дұрыс айтасыз. Ол үшін қандай амалдарға бой алдырғанымыз жөн?
– Әрбір адамның өзіндік жеке ұстанымы, көзқарасы, қағидаты болады. Яғни, әр адам белгілі бір нәрсені құнды деп санайды. Ал Алланың үкімдерін қабыл алып, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жолын ұстанып мұсылман болған адамның басты мақсаты – иман. Ал иман қолдың күшімен, маңдай термен, ақшаның көптігімен қол жеткізетін құндылық емес. Ол – жүректің Алланы бір деп біліп, Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) әкелген шариғатына шын жүрегімен сену арқылы келетін сенім. Бұл да Алланың құлына сыйлаған ең үлкен сыйы. Мұсылманның жүрегінде болатын кіршіксіз иманды тек Алла ғана сыйлайды. Имандылық жолындағы басқаның барлығы бір себепші ғана екенін ұмытпаған абзал. Иә, жүректегі иманды тек Алла ғана береді. Демек, мұсылмандар Алланың нығметіне толы иманмен өмір сүріп «соңғы демді де иманмен алса екен» деп дұға жасайды. Халық арасында қайтыс болған адамға «иманы саламат болсын», деуі де осыдан. Осы иманды сақтап, көздің қарашығындай қорғап, күшейту – мұсылманның міндеті әрі парызы. Өмірдің ащысы мен тұщысына және Ібілістің алдауына мойынсұнбау – өмірдің сынағы. Бұл сынақтан сүрінбей өткен, Алланың әміріне бойын иген ғана жәннаттың төрінен орын алады. Жаратушы Жаппар иеміз, иманы кәміл мұсылманды дүние фитнасынан, өмірінің мәнсіздігінен, дүниеқорлықтан және мақсатсыздықтан сақтайды. Алла тағала Құран Кәрімде барлық жаратылысқа Адам атаға бас иіп сәжде етуін бұйырған. Бұл жерден біз иманды адамның Алладан басқа барлық нәрседен үстем екенін және күшті екенін байқаймыз. Ал соңғы Пайғамбары және Алланың ең сүйікті құлы болған Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадистеріне иман жайында былай деп айтқан: «Кімде-кімнің жүрегінде арпа салмағындай иман болса, тозақтан құтылады»; «Кімде-кімнің жүрегінде бидай салмағындай иман болса, тозақтан шығарылады»; «Кімде-кімнің жүрегінде шаңның тозаңындай иман болса, түбінде тозақтан шығарылады». Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен байқағанымыздай, тозақтың азабынан, мәңгі қалып қоюдан түбінде құтқарып, мәңгілік болған пейішке кіруімізге көмектесетін нәрсе осы иман екен. Бақыт – билік, атақ, абырой мен жиған малда емес! Бақыт – жүректегі иманда! Өйткені, шынайы бақыттың көрінісі болған жүректің тыныштығын тек иман ғана сыйлай алатыны сөзсіз. Иман сондай күш, егер ол күшейіп, бойымызды билеген, кемелденген болса, мына уақытша өмірдің әрбір сәтсіздіктері пенде үшін нығметке айналады. Әрбір тағдырдағы сынақтар – сыйлыққа айналып отырады.
– Өзіңіз келтірген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде иман жүректе екені айтылды. Ендеше, бүгінгі қоғамда кездесетін имансыздықтың басты себебі неде?
– Менің ойымша, сол жүректің қараюы имансыздыққа әкеліп соғады. Харамға көп қарау, фитнаға араласу, өзгелердің құқығын таптау сынды мұсылманның әдебіне жат, қоғамның арасында бөлінушілікке апаратын әрекеттердің барлығы адамды өсекке жетелейді, ал өсек өз кезегінде жүректі қарайтады. Жүрегі қарайған адам болса, сауапты амалдар жасауға батылы бара бермейді. Керісінше, харам болған іс-әрекеттерге бейім болып, сол істерді әдетке айналдырып алады. Олай болса, иманды сақтап қалудың жолын әрбір мұсылман жадында сақтап жүргені абзал. Кез келген нәрсенің қорегі болады емес пе? Міне, иманы бар, яғни мұсылманның қорегі – ізгі амал жасау және фитнадан бойын аулақ ұстау. Құран Кәрімді көп оқып, тыңдау. Алланы мадақтау. Алланың жақсы көретін ізгі амалдарын әдетке айналдыру. Сонымен қатар, бауырыңа кешірімді болу. Алла ризалығы үшін кешіре салу, тілімізді ғайбат-өсектен таза ұстау. Міне, бұлар жүректің нұрын арттыратын, иманның құндылығын сездіретін ізгі амалдардан. Сондай-ақ, әдетке айналдырған ізгі амалдар иманды нұрландырады. Ибн Аббас: «Расында жақсылықтар жүзге нәр, жүрекке нұр, денеге қуат, ризыққа молшылық береке береді және Алла адамдардың жүрегіне оған деген махаббат салып қояды», – деген. Иманды неғұрлым маңызды, құнды көрсек, Алланың алдында біздің де соғұрлым құнымыз болады.
– Көптеген жастарымыз салтымызды және дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын жоққа шығарып, жат ағым жетегінде кетпес үшін қандай амалдарды іске асыру керек деп ойлайсыз?
– Мұндай жастардың қатарының сиремей отырғаны – біздің қоғамымыздағы шешімін күткен шетін мәселе. Әрине, имам-молдаларымыздың тұрақты түрде жоғары оқу орындарында, жастар арасында дәрістер ұйымдастыруы маңызды. «Мен мұсылман» дегенмен іс бітпейді, бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді…», – деген бабамыз Міржақып Дулатұлы. Білімді алудың да құралы көп. Елімізде медресселерде білім алып жатқан азаматтардың діни сауатын жан-жақты жетілдіруде Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы Мысыр, Түркия, Қазан елдеріндегі діни оқу орындарымен бірқатар келіссөздер жүргізіп, мәселені шешуге барынша қолға алып жатқаны қуантады.
– Өзіңізге де белгілі, қазіргі уақытта дін ұстанған азаматтар арасында ажырасу жиілеп кетті. Жалпы, дәстүрлі құндылықтарды отбасында насихаттауда және қоғамда мұқтаж жандарға көмек беруде имамдардың рөлі қандай? Олардың дүниелік білімді меңгеруі шарт па?
– Әрине, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отбасы құндылықтарын әрдайым басты орынға қойып, насихаттап келеді. «Отбасы – шағын мемлекет» десек, отбасы мен қоғамға қатысты әдептер кімді болмасын ойландырары сөзсіз. Өзгеге бағыт-бағдар бермес бұрын дін қызметкерлері ең алдымен өз отбасының тыныштығына жауап беруі тиіс. Әрине, ол үшін мұсылманшылыққа, мешітке кір келтіретін теріс қылықтардан, кикілжіңнен алшақ болуға, отбасына мұсылмандық тәрбие беру, өз балаларын отансүйгіштікке баулу талап етіледі. Дәстүрлі құндылықтар ең алдымен имамдардың отбасында салтанат құруы тиіс. Сонымен қатар, қоғам болған соң, қайырымдылыққа мұқтаж жандардың кездеспей тұрмайтыны анық. Шүкір, елімізде жыл сайын қайырымдылық шаралары көптеп ұйымдастырылады. Мешіттерде шын көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету, рухани және материалдық жағынан қолдау білдіру, демеушілік таныту игі жолға қойылған. Өйткені, имам өзінің іс-әрекеттері арқылы Ислам атына кір келтірмей, қайыр-садақаға түскен қаржыны мешіттің қажетіне және мұқтаж жандарға жұмсауы қызметтік әдебіне жатады. Сонымен қатар, өзін жан-жақты дамытуда қосымша білімін ұдайы жетілдіріп отыруы да маңызды. Дүниелік ілімдерді меңгеруі, үгіт-насихат жұмыстарында уағызды ел тарихымен, салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен, би-шешендердің қанатты сөздерімен, мақал-мәтелдермен ұштастырса, нұр үстіне нұр болады. Қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлғаларымыздың өмірінен сыр шертіп, олар жүрген даңғыл жолдың даралығын айтып, жастарға үлгі еткен дұрыс. Мәселен, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді бәйтеректердің өсиетті өлеңдері мен ғибратты әңгімелері кімге болса да үлгі. Сонда ғана имам мешітті ғылым-білім беретін, мәдениетімізді жаңғыртатын имандылық ордасына айналдыра алады. Имамдардың бар уақытын жеке мүддесінен гөрі, ел мүддесіне арнауы биіктігінің, парасатының өлшемін көрсетеді. «Адамнан алған алғысың – Алладан алған алғысың», дейді халқымыз. Жақсы істерге, қайырымдылық шараларға әрдайым өзі бастамашы болып, қоғамды ізгілікке тәрбиелесе, дін қызметкерлерінің алар алғысы шексіз деп білемін.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан». АСТАНА.