27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Алладан қорқу, үміт ету – шынайы құлшылық

Алладан қорқу, үміт ету – шынайы құлшылық

Иман келтіру

Ихсан ілімінің басты нысаны-мүміннің Алланың қаһарынан қорқу, Оның рахымынан үміт ету, қайда жүрсе де Алланың көріп тұрғанына иман келтіру болмақ. Бұл шынайы құлшылық болып саналады.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай деп бұйырған: Алла Тағала Құранда: «Олардан қорықпаңдар, Менен қорқыңдар, егер, иман келтірген болсаңдар!» («Әли Имран» сүресі, 175-аят)

Яғни, үнемі Алладан қорқуымыз керек және әр адам қиямет күні үшін қандай амалдар дайындағанына назар салуы қажет. Садақа беріп, Аллаға мойын ұсынып және құлға тән амалдарды орындай білсек ертең қиямет күнінде жасаған амалдарымыздың сауабы алдымыздан шығады. Алла Тағаланың қайырымды немесе қайырымсыз барлық амалдарымыздан хабары бар. Еш күмәнсіз періштелер, аспан, жер, түн және күндіз адам баласының жасаған сауап ісіне немесе күнә ісіне куәлік етуде. Тіпті адамның дене мүшелері де жасаған амалдарына куәлік етеді.

Жер беті мүмін және заһид үшін: « Бұл адам менің үстімде намаз оқыды, ораза ұстады, қажылық жасады» деп куәлік етеді. Бұл жақсы куәгерлікке мүмін және заһид кісі қатты қуанады. Осы секілді жер беті күнәкар кісі үшін: «Бұл кісі менің үстімде саған ширк қосты, зина жасады, арақ ішті, харам нәрселерді жеді»,-деп куәлік етеді. Рақым етушілерің рақымдысы Алла Тағала әр амалымыздан бізден есеп алса ақыреттте жағдайымыз қиын болатыны айдан анық. Мүмін кісінің ерекшелігі сондай, әрдайым жанымен тәнімен Алладан қорқады.

Үлкен ғұлама Әбу Ләйіс әс-Самарқанди: Алладан шынайы түрде қорқудың 7 нышаны бар деген:

Біріншісі: Тілде қорқу болу керек. Алладан қорқу кісіні өтіріктен, ғайбаттан, сөз тасудан, жала жабудан және бос сөздерден қорғайды. Оны Алланы зікір етуге, Құран Кәрім оқуға және ілім үйренуге жетелейді.

Екіншісі: Жүректе қорқу болу керек. Алладан қорқу жүректен дұшпандықты, араздықты, жала жабуды, қызғаншақтықты жояды. Өйткені қызғаншақтық бір хадисте келгендей жақсылықтарды жояды:«Оттың отынды жаққаны секілді қызғаншақтықта жақсылықтарды жояды»[2]. Қызғаншақтық жүректегі үлкен дерттердің біреуі. Жүрек дерттері де теқ қана ілім және амалмен емделеді.

Үшінші:  Көздерде қорқу болу керек. Харам болған нәрселерге қарамайды. Дүниелік нәрселерге талап көзімен емес, ғибрат көзімен қарайды.  Қарауы халал болмаған нәрселерге еш уақыт қарамайды. Бір хадисте былай деп келген: «Кім көзін хараммен толтырса қиямет күнінде Алла Тағала оның көзін тозақ отымен толтырады».[3]

Төртінші: Асқазанда қорқу болу керек. Алладан қорқу кісінің харам нәрселерді жеуден қорғайды. Харам нәрсе жеу үлкен күнәға жатады. Сүйікті пайғамбарымыз бір хадисінде былай деген: «Адам баласы харам болған бір нәрсе жесе, ол нәрсе қарнынан шықпағанша жердегі және көктегі барлық періштелер оған лағынет айтады. Егер сол күйінде өлетін болса барар жері тозақ болады.»[4]

Бесіншісі: Қолда қорқу болу керек. Алладан қорқушы қолын харам нәрсеге созбайды. Тек Аллаға итағат және сауабы болғандар ғана қолын созады. Кағб бин әл-Ахбар былай деген: «Алла Тағала жақұыт тастардан бір сарай салған, оның ішінде жетпіс мың қонақ үй бар, әр қонақ үйдің жетпіс мың бөлмесі бар. Ол сарайға тек, өзіне харам нәрсе  ұсынылғанда тек қана Алладан қорқумен одан бас тартатындар ғана кіреді».

Алтыншы: Аяқтарда қорқу болу керек. Алладан қорқушы аяқ тыйым салынған жерлерге және күнә істерге аяқ баспайды. Тек қана қайырымдылық, Алланың рызалығына лайық жолда, ғалымдармен және салиһ кісілермен сұхбаттасу үшін жүреді.

Жетінші: Итағатында қорқу болу керек. Алладан қорқушы кісі ғибадат және итағатыны тек Алланың разылығы үшін жасайды. Рия және нифақтан сақтанады.

Алладан қорқушы кісі аталған амалдарды орындай алса, Алла Тағаланың төмендегі аяттарда сипаттаған құлдарынан болады:

«Раббыңның қасындағы ахирет тақуалар үшін»[5];

«Сөзсіз тақуалар бақшаларда және бастауларда болады»[6];

«Әрине тақуалар үжмаққарда ырысқа бөленеді»[7];

«Шын мәнінде тақуалар аман бір орында болады»[8].

Егер, Раббымыз бір істі бұйырса, оның құлшылық болып табылатындығын білуіміз керек. Себебі, Ол тек жақсы көретін нәрсесін бұйырады. Ал қорқыныш – құлшылық болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

[2]Әбу Дәуіт, 4903; Ибн Меже, 4210

[3]Аллама Фаттани бұл хадисті «Тәзкира»-сында келтіріп, негізін таба алмағанын айтады.

[4]Бұл сөздердей мәтін кездеспеген. «Ихья-улумиддин»-нің хадистерін тахриж еткен Ирақи осыған ұқсас хадистің «Муснад әл-Фирдаус»-та Ибн Масғұттан риуаят етілгенін айтады.

[5]Зухруф-35

[6]Хижр-45

[7]Тур-17

[8]Духан-51

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


Бөлісу: